Академиялық білім алмасу бағдарламасы ЭРАЗМУС+

erasmus satbayev university

Эразмус+ – Евроодақтың 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі коммерциялық емес бағдарламасы. Ол осы одаққа қарасты елдердің, сондай-ақ Исландия, Лихтенштейн, Македония, Норвегия, Түркия елдерінің университеті арасында ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға және студенттердің өзара тәжірибе алмасуын қолдауға бағытталған. Эразмус+ бағдарламасына 33 елден 4 мыңнан астам білім беру мекемелері қатысады.

Бағдарламаның атауы ретінде голландиялық философ Эразм Роттердамскийдің есімі алынған, өйткені ол өз білімін жетілдіру үшін Европаның көптеген елдері мен қалаларында еңбек етіп, өмір сүрді. Сонымен қатар Erasmus сөзі – «Университет студенттерінің мобильділігін арттыруға арналған европалық қауымдастық қызметінің үлгісі» деген мағынаны білдіретін акроним (ағылш. European Region Action Scheme for the Mobility of University Students).

Бағдарламаның негізгі мақсаты – Европада білім беру сапасын арттыру, Евроодақ пен оған көршілес елдер студенттерінің арасындағы мәдени байланысты нығайтып, жинақтылығын дамыту. Бағдарлама студенттер мен оқытушыларға шетелдік университетте жоғары білім алып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Ал 2007 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша білім алған студенттер шетелдік белгілі компанияларға жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болып отыр. Жұмыс берушілер осы бағдарлама бойынша білім алған студенттерді жылы шыраймен қарсы алады.

Сонау 1987 жылдан бастап бағдарлама күшіне енгеннен бері 2,2 миллионнан астам студент осы бағдарлама бойынша білім алды. Ал 2020 жылға дейін оған европалық әрбір бесінші студент қатысатын болады деп жоспарлануда.  

Эразмус+ бағдарламасы бойынша оқығысы келетін үміткерлер оқуға қатал таңдау негізінде қабылданады. Үміткерлер төмендегі талаптарға сай болулары керек:

  • Өз еліндегі жоғары оқу орнында кем дегенде екі жыл оқуы керек;
  • Орташа білім баллы университет анықтаған деңгейден жоғары болуы керек;
  • Білім беретін университеттің оқу тілін толық меңгеруі тиіс.

Жеңімпаздарды өз елінің университеті таңдайды. Оқу және тағылымдамадан өту мерзімі – 3 айдан бастап 1 жылға дейін, жалпылай алғанда 2 жыл. Әрбір студент бағдарламаның мүмкіндігін тек бір рет оқу үшін және бір рет өндірістік тәжірибеден өту үшін ғана пайдалана алады. Эразмус+ бағдарламасы бойынша шетелде оқып келген студентке сол оқыған жылдары университет тарапынан толық есепке алынады.

Бұл бағдарлама бойынша шетелдік университетке оқуға студенттер тегін қабылданады, барлық шығындарды Евроодақ пен жергілікті университет төлейді. Оның үстіне көпшілік студенттерге шетелдегі күнкөріс үшін шәкіртақы төленеді.

Эразмус+ бағдарламасы европалық көптеген студенттерге шетелдік университеттерде білім алуға алғашқы мүмкіндік береді. «Эразмус тәжірибесі» – мәдени феномен екені белгілі. Өйткені бұл тек қосымша білім ғана емес, сонымен қатар шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс жасауға да мүмкіндік береді.

APPLE (Erasmus+) жобасы – Сәтбаев университетінде

Көптеген жоғары оқу орындары Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде бірнеше европалық жобаларды іске асырады. Атап айтқанда, APPLE (Erasmus+) «Космостық кеңістікті және роботталған зияткерлік жүйелерді игеру жөніндегі қолданбалы оқу бағдарламасы» секілді халықаралық жобалар. Бұл жобаға Қазақстан, Франция, Германия, Латвия, Эстония, Бельгия, Ресей, және Беларусь елдерінен 20 жоғары оқу орны қатысады. Евроодақ тарапынан оның координаторы – Берлин техникалық университеті. Ал Сәтбаев университеті 2016 жылы 15 қазанда осы жобаға қатысу туралы келісім-шартқа қол қойған болатын.

Аталмыш жоба робототехника жүйесі мен космосты игеру саласы бойынша бакалавр, магистранттар мен аспиранттарға саналы білім беріп, кәсіби мамандарды даярлаудың сапасын арттыру үшін жасалған. Осы жоба аясында студенттер Болонский үрдісі бойынша және алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибе бойынша қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына сай құрастырылған европалық білім бағдарламаларына қол жеткізе алады. Сонымен қатар осы жоба 1-2 аптаға созылатын тағылымдама да ұсынады. Ал шығын қаражаты толығымен Эразмус+ жобасының қаражатынан төленеді.

Жобаның негізгі мақсаты – космосты игеру және роботталған зияткерлік жүйелер саласы бойынша Қазақстанда жоғары білім беру бағдарламасын модернизациялау ісіне қолданбалы білім беру бағдарламасын ендіруді европалық жоғары білім беру жүйесін модернизациялау бағдарламасына сай етіп жүргізу. Аталмыш жоба шеңберінде B-Learning және M-Learning оқу бағдарламалары жаңартылып, қазіргі қолданыстағы зертханалар жетілдіріліп, жаңадан тағы да зертханалар салынады.

Жобаның міндеттері:

- еңбек нарығының сұранысына және қолданыстағы оқу бағдарламаларының сипатына сәйкес осы мақсатта білім беру талаптарына сараптама жүргізу;

- жаңа қолданбалы білім беру бағдарламаларының интеграциясы;

- пәнаралық оқу бағдарламаларын енгізу;

- жаңа практикалық курстарды енгізу және аккредитациялау, ECTS бірге;

- серіктес елдердің жоғары оқу орындарын еңбек нарығына тарту.  

 

Жобаның ең маңызды бөлігі – «Электроника, телекоммуникациялар және космос технологиялары» мен «Робототехника және автоматиканың техникалық құралдары» кафедраларының зертханалары базасында тамаша және өте сирек кездесетін RoboLab зертханасын ашу. Бұл зертхана космостық және робототехникалық жүйелерді жобалау жұмыстарына жаңа есептеу әдістері мен құралдарын енгізе отырып дамытуға арналған. Мұндай әдістер қатарына көппәнді сараптама жасау мен оңтайландыру әдістері, жобалаудың ең сенімді және іске асуы мүмкін боларлық әдістер жатады. Осы жұмыстар үшін жаңа құрал-жабдықтар – моноблоктар, 3D-принтер, 3D-сканер, Smart-тақта – сатып алынып, RoboLab зертханасына орнатылып қойылды.

Жобаның серіктес жоғары оқу орындары:

  1. Aerospace Committee (KazCosmos)
  2. Almaty University of Power Engineering and Telecommunication (Қазақстан)
  3. ECM Space Technologies GmbH (Германия)
  4. Geoinformation systems (Белоруссия)
  5. Institute Thomas More (Бельгия)
  6. Riga Technical University (Латвия)
  7. Small Satellites Center LLC (Ресей)
  8. Tallinn University of Technology (Эстония)
  9. Technische Universität Berlin (Германия)
  10. Université Pierre et Marie Curie (Франция)
  11. Белоруссия мемлекеттік университеті (Белоруссия)
  12. Белоруссия мемлекеттік ақпараттандыру және радиоэлектроника университеті (Белоруссия)
  13. Белоруссия ұлттық-техникалық университеті (Белоруссия)
  14. Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті (Қазақстан)
  15. Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Қазақстан)  
  16. GlavKosmos (Ресей)
  17. Аль-Фараби атындағы ҚазҰУ(Қазақстан)
  18. Инвестиция және даму министрлігі (Қазақстан)
  19. Білім және ғылым министрлігі (Белоруссия)
  20. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
  21. Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі 
  22. Космостық зерттеу және технологиялар ұлттық орталығы (Қазақстан)
  23. Санкт-Петербург политехникалық университеті (Ресей)
  24. Сібір федеральды университеті (Ресей)
  25. РФ Бірінші президенті атындағы Орал федеральды университеті 
  26. Оңтүстік-Батыс мемлекеттік университеті, Курск қаласы (Ресей).

 

Оқу материалын толық әрі тиімді етіп енгізу және жаңарту үшін оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер Европаның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болып отыр. Бірінші тағылымдама 2018 жылдың қаңтар айында Михелин қаласындағы (Бельгия) Томас Мори университетінде өтіп, оған 3 оқытушы қатысты.

Арада бір айдан астам уақыт өткенде Томас Мори университетінің оқытушылары Сәтбаев университетінде «Introduction to VHDL programming, using Basys3 and Vivado» және «Entrepreneurship and effective communication» тақырыбына шеберлік сағаттарын өткізді. Соңғы өткен сабақта смарт-қосымшалар тақырыбына байқау ұйымдастырылып, Сәтбаев университетінің студенттері жүлделі бірінші орынға ие болды.

Осы жылы маусым айында Парижде Мари Кьюри институтында (Сорбонна) оқытушыларға арналған тренинг өтті. Оған қатысқан оқытушылар француз университетінің космостық зерттеулер және робототехника саласы бойынша жинаған тәжірибелерімен танысты. Олар LATMOS laboratory of Atmospheres, ISIR laboratory (Robotics and Intelligent systems) зертханаларын аралап, француздық CNES ғарыш агенттігі жасаған ПО көмегі арқылы кіші космостық аппараттардың жобасын жасау барысында қолданылатын инженерлік әдістермен танысты.

Сәтбаев университеті тарапынан аталмыш жобаның координаторы болып «Электроника, телекоммуникациялар және космостық технологиялар» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының ғарыштық аппараттарды сынақтан өткізу жөнінде еңбегі сіңген сынақшы Сүйменбаев Бағдат Темирғалиұлы тағайындалды. Ғалымның Эразмус+ жобасына қатысуға берген тапсырысының арқасында Сәтбаев университетіне қатысушы ретінде тамаша идентификациялық номер (PIC) беріліп, оқу орны әрі қарай Эразмус+ бағдарламасының жобаларына қатысуға мүмкіндік алды. Жобаның ұзақтығы –  2016–2019 жж.

Сәтбаев университетінің оқытушылары APPLE Эразмус+ бағдарламаларына өз жобалары бойынша да қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін, қандай да бір жоба жасап, соны іске асыру үшін Эразмус+ комитетіне ұсыныс жасауы керек. Ал тапсырыс беру жөнінде кеңес алу үшін бағдарламаның координаторына хабарласу керек.

Эразмус+ бағдарламасы аясындағы академиялық ұтқырлық бағдарламалары

Эразмус+ бағдарламасы аясында студенттер қысқа мерзімді ұтқырлық бағдарламасына да қатыса алады. Бұл бағдарлама әртүрлі елдердің университеттері арасында жасалған екі жақты келісім-шарт негізінде жүзеге асырылады. Осы бағдарламалар бойынша студенттер шетелдік жоғары оқу орындарында 3 айдан 12 айға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өте алады. Бағдарлама бойынша оқуға түскен студенттер барлық шығындарын өтеу үшін жұмсалатын шәкіртақы алып тұрады.

Эразмус+ бойынша қысқа мерзімді ұтқырлық бағдарламасының негізгі мақсаты – Европада жоғары білім беру сапасын арттыру, Евроодаққа қарасты мемлекеттер мен Европа елдері студенттерінің арасында мәдени байланыс пен ұтқырлықты нығайту. Эразмус+ университеттерге өзара ынтымақтастық байланыс жасауға мүмкіндік береді және осы бағдарлама бойынша шетелде білім алушылардың оқу мерзімі (бағдарламаның барлық шарттарын мүлтіксіз орындаған жағдайда) олар елге оралғанда толығымен есепке алынатынына кепілдік береді.

Европалық комиссся бағдарламаға төмендегідей мақсаттар қояды:  

  • Европа елдерінде студенттердің лингвистикалық және мәдени түрде сауатты білім алуын дамыту;
  • Институттар арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайту және қабылдаушы мекемелердің білім беру деңгейін арттыру;
  • Жастардың кәсіби білікті және келешекте бәсекеге қарсы тұра алатын, халықаралық еңбек нарығында тәжірибелі маман ретінде қалыптасуына ықпал ету.

Үміткер бағдарламаның мүмкіндігін тек бір рет оқу үшін және бір рет өндірістік тәжірибеден өту үшін ғана пайдалана алады.

Сәтбаев университеті Эразмус+ бағдарламасы бойынша европалық серіктес жоғары оқу орындарымен жыл сайын ынтымақтастық қарым-қатынасты дамыта отырып, олардың санын да арттыра түсуде. Олардың ішінде мына жоғары оқу орындары бар: 

  • University of Beira Interior (Portugal)
  • Polytechnic Institute of Coimbra (Portugal)
  • Tallin University of Technology (Estonia)
  • Lodz University of Technology (Poland)
  • Bialystok University of Technology (Poland)
  • Lublin University of Technology (Poland)
  • Slovak University of Technology in Bratislava
  • Anhalt University of Applied Sciences (Germany).

 

Сонымен, шетелде білім алып, тәжірибе жинағысы келетін үміткерлер университеттің Халықаралық ынтымақтастық бөліміне хабарласулары керек.

Байланыс телефондары:

Эразмус+ бағдарламасы туралы ақпарат:

http://erasmusplus.kz

 

Сүйменбаев Бағдат Темирғалиевич

APPLE Эразмус+ бағдарламасының координаторы

+7 (707) 780 55 94

bts49@mail.ru

 

Халықаралық ынтымақтастық бөлімі

НК, 9-қабат, 903-офис.

+7 (727) 257 70 19

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.