Университет тарихы

Горно-металлургический корпус

Сәтбаев университеті – Қазақстан Республикасындағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Қ. И. Сәтбаев атындағы университеттің – республикадағы инженерлік білім беретін ең басты оқу ордасының тарихы мемлекеттің тарихымен, оның ғылымымен, мәдениетімен, жоғары білім беру жүйесімен сабақтасып, ұштасып жатыр.

ХХ ғасырдың 30-жылдары халық шаруашылығының технико-экономикалық дамуын арттыру мақсатында елде шұғыл түрде жоғары техникалық білім беру жүйесін дамыту қажеттігі туды. Осы қажеттіліктің арқасында құрамында екі: тау-кен және түсті металдар факультеті бар Қазақ тау-кен-металлургиялық институтының (ҚазТКМИ) кірпіші Қазақстанның астанасы Алматы қаласында қаланды. Сөйтіп, ҚазТКМИ қабырғасында 1934 жылы 19 қыркүйекте алғашқы қоңырау шырылдап, бірінші оқу жылы басталды. Міне, дәл осы күн – Қазақстанда техникалық ғылымның негізі қаланған күн болып табылады.

Қазақстанда геология, тау-кен ісі, металлургия саласында ғылыми және практикалық қызметтің қалыптасып, дамуы барысында институт өте маңызды роль атқарды. Институт базасында қалыптасқан ғылыми мектеп республикада шикізат кені базасын дамытуға, тау-кен және металлургиялық өндірісте жаңа технологияларды ұйымдастыруға сүбелі үлес қосты.

Қазақ тау-кен-металлургиялық институтының қалыптасуы мен дамуына әйгілі академиктің де сіңірген еңбегі өте мол. Белгілі ғалым Қаныш Имантаевич Сәтбаев 1937–1938 жылдардан бастап инженер-геологтардың алғашқы түлектерінің Мемлекеттік емтихан комиссиясына төрағалық етті. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында институттың Ғылыми кеңесінің мүшесі болды. 1941–1964 жылдары Қ. И. Сәтбаев басқарған Геология ғылымдары институты республикада геологиялық ғылымды дамытудың орталығына айналды. Ұлы Отан соғысының аяғына таман, яғни 4 жылдан кейін институт елдегі геология саласының ең ірі ғылыми ұжымына айналды.

1960 жылы институт Қазақ политехникалық институты (ҚазПТИ) болып өзгерді. 1967 жылы институттың автоматика және есептеу техникасы факультетінде тұңғыш рет «Дос-Мұқасан»» вокалды-аспаптар оркестрі құрылды. 1980 жылы институт базасында Сәулет-құрылыс институты ашылып, ҚазПТИ-дің сәулет және инженерлік-құрылыс факультеті мен сырттай оқытатын Бүкілодақтық инженерлік-құрылыс институтының Алматыдағы филиалы жаңадан ашылған институттың негізіне айналды.

Қазіргі заман

Satbayev University

В. И. Ленин атындағы ҚазПТИ 1994 жылы қаңтарда Қазақ ұлттық техникалық университеті болып қайта құрылып, елге қажетті инженерлік кадрларды дүниежүзілік көпсатылы құрылым тәжірибесі бойынша дайындау оның басты міндетіне айналды. Сонымен қатар алда кәсіби мамандарды даярлау үшін қажетті оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын дайындау міндеті тұрды.

Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қыркүйектегі Қаулысы бойынша елдегі инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға қосқан зор үлесі үшін Қазақ ұлттық техникалық университетіне қазақтың көрнекті ғалымы, әйгілі академик Қаныш Имантаевич Сәтбаевтың есімі берілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2001 жылы университет ерекше дәрежеге ие болды, ал 2014 жылы – «Ұлттық техникалық зерттеу университеті» деген дәрежеге өтті. 2017 жылы Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ өзінің атауын «Сәтбаев университеті» деп өзгертті.

2017 жылғы жағдайы бойынша Сәтбаев университетінде 10 институт, 8 ғылыми-зерттеу университеті, 32 кафедра, 262 оқу-тәжірибелік зертхана, 5 ғылыми зертхана, 2 оқу полигоны және 1 обсерватория бар. Сәтбаев университеті ұлттық және халықаралық рейтингтер бойынша алдыңғы қатарда келеді (2017 жылдың көрсеткіші бойынша). Университет білім беру, ғылым мен жаңа технологиялар саласындағы 9 ассоциация мен консорциумның ассоциацияланған мүшесі болып табылады. Қызметкерлердің 50%-нан астамының ғылыми дәрежесі бар. Ал оқу кредиттік жүйеде жүргізіледі.

Satbayev University
Satbayev University
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.