Сәулет және құрылыс институты

Институт Қазақстан құрылысына таңдаулы мамандар даярлайды. Студенттер сәулет, қала құрылысының дизайны, құрылыс, құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларды өндіру, инженерлік желілер мен жүйелер және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында тереңірек білім алады.

Институттың тарихы сонау 1957 жылдан бастау алады, сол жылдары республикадағы құрылыс ісінің білгір маманы, отандық сәулетшілер мектебінің негізін қалаушы, белгілі архитектор Төлеу Бәсеновтың бастамасымен Қазақ тау-кен-металлургия институты (ҚазТКМИ) аясында «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы ашылып, алғашқы талапкерлер қабылданған болатын. Ал 1961 жылы ол инженерлік-құрылыс факультеті болып қайта құрылып, жанынан сәулет бөлімі ашылды.

1962 жылы бітіріп шыққан инженер-құрылысшылардың алғашқы түлектері кейіннен атақты ғалымдар, ірі-ірі ғылыми және жобалау институттарының, отандық және одақтық дәрежедегі құрылыс орындарының білгір мамандары мен басшылары атанды, кейбіреулері министрлік лауазымға дейін көтерілсе, біреулері облыстық және қалалық әкімшіліктерде басшылық қызмет атқарды. ҚазПТИ-дің инженерлік-құрылыс және сәулет факультеттерін бітіріп шыққан алғашқы түлектердің арасында мына атақты адамдар бар: 

  • Бейсенов К. – Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор;
  • Көшербаев Қ.А. – Маңғыстау облысының әкімі;
  • Әділов Ж.М. – Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың ректоры (2008–2015), экономика ғылымдарының докторы, профессор; 
  • Татығұлов А.Ш. – «ҚазГОР» жобалау академиясының президенті;
  • Әшімбаев М.У. – ҚазСҚАҒЗИ-ның бас директоры;
  • Монтахаев К.Ж. – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық сәулетшісі;
  • Баймағамбетов С.К. – Алматы қаласының бас сәулетшісі, ҚР еңбегі сіңген сәулетші;
  • Фазылов С.А. – Алматы қаласының бас сәулетшісі, ҚР еңбегі сіңген сәулетші, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

2004 жылы қайта құрылған институттың құрамында қазіргі таңда «Сәулет», «Құрылыс және құрылыс материалдары», «Инженерлік жүйелер мен желілер», «Өмір сүру мен қызмет ету қауіпсіздігі» кафедралары, сондай-ақ сәулет және құрылыс жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Мұнда 109 оқытушы қызмет етіп, білім береді, олардың арасында 14 ғылым докторы, профессорлар мен сәулет академиясының мүшелері бар.  

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Т.К.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры болып архитектура докторы, профессор, МААМ академигі, Құрметті архитектор Құспанғалиев Болат  Урайханович тағайындалды. Оның басқаруымен және қатысуымен 20-дан астам ірі жұмыстар атқарылды, соның ішінде Астана қаласындағы «Хайвилл Астана» («Highvill Astana») көпфункциональды тұрғын-үй кешені, Алматы қаласындағы «Алмалы Қала» («AppleTown») көпфункциональды тұрғын-үй кешені (ҚР Архитекторлар одағының Алтын медалімен марапатталған) бар. 

Біздің студенттер қазіргі нарықтың талаптарына сай білім алып, кез келген ғимараттың тамаша үлгісін жасай алады, оған қажетті конструкцияларды есептеп, құрылыс жобасын ұйымдастырумен және оның экономикалық есеп-қисабын жасаумен де айналыса алады. Сондай-ақ олар жаңа ақпараттық технологияларды: мультимедиа, ІВМ платформасын бағдарламамен қамтамасыз етуді, есептік және графикалық бағдарламаларды біліп шығады. Кафедрада кәсіби түрде арнайы жабдықталған үш аудитория бар, олар: сурет өнері мен скульптура, мольберт және натюрморт, подиум және софит.  

Институт қызметі құрылысқа жаңашыл дәстүрлерді енгізуге бағытталған және ол ВІМ-технологиясы жөнінен Қазақстандағы алдыңғы қатарлы бастамашылардың бірі болып табылады. Студенттер халықаралық және отандық байқауларға үнемі қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алады. 

Институттың сәулет факультеті европалық білім беру кеңістігі жүйесіне сәтті түрде еніп келеді. Академиялық ұтқырлық жөніндегі бағдарламалары қолға алынып, шетелдік оқытушылар жиі шақырылып тұрады. Институтта Белосток университетімен (Польша) тығыз байланыс орнатылған, онда студенттер тағылымдамадан өтіп, білім алады. Ғылыми жұмыстар мен оқу үрдісіне екі жетекші көмек береді. Қазіргі таңда институттың негізгі бағыттары бойынша Белосток техникалық университетімен бірлесе отырып, айналы зертхана (mirror-labs) жасауға дайындық жүріп жатыр.   

Байланыстар

Куспангалиев Болат Урайханович

Директор

МУК 202

+7-727-292-0916

7037 (вн.)

Жумадилова Жанар Оразбековна

Директор орынбасары

МУК 202

zhumadilova@mail.ru

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.