Әл-Машани атындағы базалық білім беру институты

Институт негізгі мамандықтар бойынша түлектер шығарушы болып табылмайды, оның қызметі студенттерге жалпы академиялық білім беруге, студенттер мен қызметкерлердің жоғары стандартты академиялық жетістіктерге жетуіне бағыт сілтеуге, кәсіби біліктіліктерін шыңдауға және инновациялық ой-өрісін дамытуға бағытталған.  

Институттың ең негізгі міндеттерінің бірі – студенттерге академиялық және мансап мәселелері жөнінен кеңес беру. Әрбір студентке жеке оқу жоспары бойынша кеңес беретін және күнделікті студенттік өмірде орын алатын қиыншылықтарды жеңе білуге көмектесетін эдвайзер бекітіледі. Эдвайзер олардың әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, олардың бойындағы қабілеттерін аша түсуге, оқу барысындағы жаңа бағыттарды меңгеруге және жаңа мүмкіншіліктерді пайдалана білуге көмектеседі.

Институт құрамында 5 кафедра бар: «Математика», «Қоғамдық пәндер», «Ағылшын тілі», «Қазақ және орыс тілдері» мен «Дене шынықтыру» кафедралары. «Дене шынықтыру» кафедрасы жанынан ашылған Спорт клубы бар, онда есімдері елімізге әйгілі талай-талай спортсмендер тәлім алған.

Институттағы «Ағылшын тілі» кафедрасы – тұтастай университет бойынша ең көне кафедралардың бірі болып саналады. Ол негізі сонау 1934 жылы қаланып, бүгінгі таңда Сәтбаев университетіндегі ең үлкен кафедралардың біріне айналып отыр. Жалпы өз тарихында кафедра 500-ден астам әдістемелерді ойлап шығарып, 20 монография, он шақты оқу құралын, бірнеше оқулықтарды, техникалық жоғары оқу орындарына арналған 2–3 тілді сөздіктерді жарыққа шығарды. 

Институт оқытушылары – тәжірибелері мол педагог-тілшілер, олар жыл сайын шетелдік жоғары оқу орындарында практикада болып, Кембридж университетінде (Ұлыбритания) тағылымдамадан өтеді. «Ағылшын тілі» кафедрасының негізгі бағыттарының бірі – халықаралық білім беру ұйымдарымен, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Испания елдерінің Қазақстандағы елшіліктерімен және шетелдік серіктес жоғары оқу оындарымен ынтымақтастық қарым-қатынас жасау. Осының арқасында институт тіл үйрету бағдарламаларын үнемі жаңартып отырады. 

«Дене шынықтыру» кафедрасының да негізі 1934 жылы қаланған. Оның алғашқы меңгерушісі П.А. Калифутов болып, ол кафедраны 30 жылға жуық уақыт бойы басқарды. Ал 2016 жылдан бастап кафедраны бодибилдингтен спорт шебері (WBPF версиясы бойынша), бодибилдинг пен фитнестен халықаралық дәрежедегі сертификатталған жаттықтырушы, бодибилдинг пен мас-рестлингтен халықаралық дәрежедегі төреші Т.С. Иматалиев басқарады.

Сәтбаев университетінің студенттері спорттың мынадай түрлерімен шұғылданады: атлетикалық гимнастика, масс-рестлинг, баскетбол, волейбол, футбол, регби, армрестлинг, стол теннисі, еркін күрес, самбо, қазақ күресі, бокс, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ, фитнес, спорттық бейінділік, шығыстық жекпе-жек түрлері және басқалары. Тәжірибелері мол педагогтар студенттерге жоғары жетістіктерге жетуге көмектеседі, олардың арасында спорт шебері, профессор Ж.Б. Бозтаев; халықаралық дәрежедегі төреші В.А.Чивжель; аға оқытушылар Н.М.Ахмеджанова, И.Ю. Машков, Г.С. Сыромолотова; қазақ күресінен еңбегі сіңген спорт шебері, екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы атанған Б.Т. Талип бар.

Университет үнемі алдыңғы қатарлы таңдаулы спортшыларды даярлап шығарады. Олардың арасында волейболдан олимпиада чемпионы Валерий Кравченко, классикалық күрес түрінен әлем чемпионы Владимир Бакулин, Эверест шыңын бағындырушы альпинистер К. Валиев, Е. Ильинский, В. Хрищатый, баскетболдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Галина Мадисон мен Александр Никишин, теннистен бірнеше дүркін чемпион атанған Егор Шалдунов және т. б. бар. 

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.