Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институты

Институт экономиканың ақпараттық-коммуникациялық секторына қажетті ІТ-мамандарын даярлайды, атап айтқанда, ақпараттық қауіпсіздік, басқарудың автоматтандырылған жүйесі, мәліметтерді өңдеу, бағдарламалық және техникалық қамтамасыз ету саласына мамандар даярлайды. 

Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институты – Сәтбаев университетінің жетекші институттарының бірі, ірі ғылыми және білім беру орталығы. Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар – ғылым, техника мен технологиялар дамуының басты бағыттарының бірі болып саналып, үнемі мемлекеттік бағдарламалармен қолдау табады. Институт мамандықтары қазіргі экономикалық жағдайда жоғары сұранысқа ие болып отыр. Біздің түлектер өндірістік компанияларда негізгі жетекші техникалық қызметтер немесе басшылық қызметтер атқарады, сондай-ақ жеке меншік компанияларды басқара алады.

Институт 1962 жылдан бастап құрылды деп санауға болады. Сол жылы «Автоматика және телемеханика» мен «Есептеу техникасы» кафедралары базасында автоматика және есептеу техникасы факультеті ашылған болатын. 2011 жылы университеттің қайта құрылуына байланысты институт құрамына «Ақпараттық технологиялар», «Есептеу техникасы, желілер мен жүйелерді бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автоматтандыру және басқару», «Радиотехника, электроника және телекоммуникация», «Математика және электротехника» кафедралары кірді. 2017 жылдан бастап Равиль Мухамедиев институт директоры қызметін атқарып келеді. 

Бүгінгі таңда институт құрамында 6 кафедра бар: «Электротехника, электроника және телекоммуникациялар», «Компьютерлік және бағдарламалық инженерия», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Ақпараттық технологиялар», «Автоматтандыру және басқару», «Математика». Институт қазіргі заманғы машықтану әдістері мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды біріктіре отырып, іргелі білімдерді үйлестіретін бағдарламаларды дамытуда. Институтта қызмет ететін оқытушылардың көпшілігінің ғылыми дәрежелері бар.

Институт мамандықтарының өзектілігіне байланысты мұнда үнемі жаңа бағдарламалар жасалып отырады. Сондай-ақ ұлттық және трансұлттық компаниялармен, дүниежүзілік жетекші университеттермен серіктестік қарым-қатынасты сол компанияларды ақпаратпен қамтамасыз ете отырып және әлемдік жетекші университеттердің оқыту бағдарламаларын пайдалана отырып дамытып келеді. Сонымен қатар институтта мультитілді бағдарламалар жасалып отырады, ол үшін оқытушылар Кембриджде (Ұлыбритания) оқып, өз біліктіліктерін арттырады. 

Бірлесе отырып оқу құралдарын шығару қолға алынған. 2017 жылы халықаралық команданың күшімен схемотехника оқулығы жарыққа шықты. Осындай оқу құралдарының сапасын арттыру мақсатында институт оқытушылары Португалия мен Францияның техникалық жоғары оқу орындарына барып, білімдерімен және тәжірибелерімен алмасады. Ал сабақ барысында дәстүрлі және қазіргі заманғы технологиялар қатар қолданылады. 

Мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында институт мынадай ірі-ірі фирмалармен ынтымақтастық қрым-қатынас жасайды: Schneider Electric (Франция), Siemens (Германия), Honeywell (АҚШ), Yokogawa Electric (Жапония), «Mercedes Benz Werk Dusseldos» (Германия), CISCO Networking Academy, Apple, Hewlett-Packard, IBM. Сонымен қатар Falcongaze Secure Tower бағдарламасына арнаған оқу-әдістемелікматериалдарды ұсынған «Факонгейз» компаниясымен, институтқа «Контур информационной безопасности Сёрч Информ» (жоғары сұранысқа ие DLP-жүйесі) кешенді бағдарламасын және оны меңгеру үшін қажетті оқу-әдістемелік материалдарын берген «Сёрч Информ» компаниясымен де ынтымақтастық келісім-шарт жасасқан. 

Сондай-ақ оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін қажетті іс-шараларды институт жиі-жиі өткізіп тұрады, ІТ-технологиясы мен ақпаратты қорғайтын: Fujitsu, Oracle, Cisco, Aknur Security, Lab Kasperscky, Microsoft  бағдарламалары бойынша өтетін семинарлар мен конференцияларға да үнемі қатысып отырады. ҚР Қауіпсіздік комитетімен тығыз байланыс жасап, кәсіби біліктілікті арттыруға арналған оқу курстарын өткізіп тұрады.

Институтта шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының студенттерімен тәжірибе алмасу бағдарламасы мықтап қолға алынған және шетелдік профессорлар мен оқытушылар жиі-жиі шақырылып тұрады. Көптеген дүниежүзілік жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас орнатылған. Атап айтқанда, Люблин техникалық университеті (Польша), Бельско-Бяла университеті (Польша), г. Л’Аквилла университеті (Италия), Нью-Иорк университеті, Виндзор университеті (Канада) және басқалары. Студенттер «Auto & Aero Technologies Sp z.o.o.» (Люблин, Польша), «Mercedes Benz Werk Dusseldos» (Германия, Дюссельдорф), Варминск-Мазур университетінде (Ольштын қаласы, Польша) кәсіпорындарында тағылымдамадан өтеді. 

Институт қабырғасында жыл сайын бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда студенттер еліміздің жұмыс беруші ірі-ірі кәсіпорындары мен белгілі компаниялары өкілдерімен тікелей байланысқа шығады. Институт кафедралары қызметкерлерінің жұмыс берушімен арадағы жақсы қарым-қатынасы арқасында байланыс тез орнайды. Сондай-ақ компания басшылары студенттерге жаңа оқу жоспары бойынша кеңес беріп, өз компанияларында өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өтулерін ұйымдастырады. Ал өздерін жақсы жағынан көрсете білген талантты түлектерді компаниялар жұмысқа шақырады. 

Институт ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің жетекші интеграторы PACIFICA компаниясымен белсенді түрде қарым-қатынас жасайды, оның үстіне бұл компания студенттердің өндірістік практикадан өту және жұмысқа тұру мүмкіндігінің ең басты базасы болып табылады. Біздің түлектер көбіне «Халық-Банк» пен ҚР Қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары ұйымдастыратын тағылымдамадан өту бағдарламасына қатысады. «Сайман», «Beeline», «Қазақтелеком», «Dial-Soluchen», «Үміт», Космос техникасы мен технологиясы институты  және басқа да кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған. 

Ал институттағы студенттік өмір өте қызықты да маңызды: мұнда ағылшын тілі клубы жұмыс істейді, жалпы университеттік семинарлар мен халықаралық ғылыми конференциялар жиі-жиі өтіп тұрады, сондай-ақ Society of Petroleum Engineers (SPE) халықаралық студенттік ұйым да өз іс-шараларын жиі өткізеді. Студенттер өз күштерімен студент-программистердің «ACM SC» қауымдастығын құрып, тренинг өткізіп тұрады. Сонымен қатар біздің студенттер – жалпы қалалық және университеттер арасында өтетін іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына универстет басшылығы баса назар аударады.  

Байланыстар

Умаров Тимур Фаридович

Директор

ГУК 513

+7-727-257-7034

7034 (вн.)

tim.umarov@gmail.com

Абдолдина Фарида Наурызбаевна

Директордың орынбасары

ГУК 513

+7-727-257-7044

7044 (вн.)

abdoldinafarida@gmail.com

Оган Аткелди

Директордың орынбасары

ГУК 513

+7-727-254-7044

7244 (вн.)

atkeldi@mail.ru

Ashimov Abdykappar Ashimovich

Deputy Director

ГУК 513

+7-727-292-0344

ashimov37@mail.ru

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.