Ғылыми кітапхана

Книги библиотека

Сәтбаев университетінің Ғылыми кітапханасы – Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары кітапханаларының арасындағы ең ірісі, әрі ең көлемдісі болып табылады. Кітапхана қорында 2 миллионнан астам кітап бар, оның ішінде XVI–XIX ғасырлардағы өте сирек кездесетін көркем әдебиеттің тамаша нұсқалары да бар. Университет ашылған уақытта, яғни 1934 жылы 22 қыркүйекте Семей геологиялық-барлау техникумы кітапханасының базасында Ғылыми кітапхана негізі де қаланды. Ал оның алғашқы меңгерушісі болып А. И. Заозерский тағайындалған болатын. Кітапхана қоры алғашында өте аз болды, 1934 жылдың соңында онда небары 8692 кітап болып, екі-ақ адам жұмыс істеді. Ал кітаптар кафедралардың рұқсаты бойынша 10 адамға 1 кітаптан берілетін еді.

Алайда уақыт өте келе, кітапхана қоры оқулықтармен, оқу құралдарымен толықтырылып отырды, 1955 жылдан бастап кітапханаға Қазақстанның түсті металлургия, қара металлургия, көмір өнеркәсібі министрліктерінің басылымдары келе бастады. Сонымен қатар кітапханаға КСРО-ның жетекші университеттері мен атақты ғалымдары өз кітаптарын сыйға тартып, көп көмек көрсетті. 50–60-жылдары кітапхана қорына геология, тау-кен ісі бойынша оқулықтар В. В. Фаворский, В. К. Монич, К. Г. Войновский-Кригер, А. В. Бричкин секілді белгілі ғалымдардың жеке кітапханаларынан түсе бастады. Олардың көпшілігі осы күнге дейін сирек кездесетін оқулықтар қатарында.

Сөйтіп, Сәтбаев университетінің Ғылыми кітапханасы студенттер мен жас ғалымдар үшін ғылыми, техникалық ойдың түйінді орталығына, білім мен ақпараттың қайнар көзіне айналды. Инженер мамандардың бірнеше ұрпақтары  осы кітапхана қорын пайдалана жүріп, өсіп жетілді, жүздеген ғылыми зерттеулер мен оқулықтар осы кітапхана қорынан бастау алады.

Бүгінгі таңда кітапханада 8 абонемент, 1650 орындығы бар 10 оқу залы және 500 орындығы бар компьютер залы өз оқырмандарына қызмет көрсетеді. Ол жыл сайын жаңа кітаптармен, сондай-ақ 500 астам қазақстандық және ресейлік мерзімді басылымдармен толықтырылып отырады. Сонымен қатар кітапхана шетелдермен байланысын үнемі нығайтып, ТМД елдері және алыс-жақын шетелдер университеттерінің кітапханаларымен кітап алмастырып отырады. Ғылыми кітапхана 2009 жылдан бастап Электронды кітапхана құру мәселесін қолға алды. Қазіргі таңда Электронды кітапхананың деректер қорында барлығы 14 748 данадан аса ақпараттар бар.

Қазір Ғылыми кітапханада 17 мыңнан астам оқырмандар бар – бұлар тек студенттер ғана емес, сондай-ақ университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер мен басқа да қызметкерлер. Жыл сайын кітапханаға 600-ден астам жаңадан келушілер тіркеліп, 1 млн-нан астам газет-журналдар мен кітаптар оқырмандарға беріледі. Ал 40 мыңнан астам адам Электрондық кітапхана қызметін қолданады.

Ғылыми кітапхана 1997 жылдан техникалық оқу орындары кітапханалары үшін әдістемелік орталыққа айналды. Ал 2015 жылы Жоғары оқу орындары арасындағы республикалық электрондық кітапханаға өткізілген библиографиялық көрсеткіштер мен профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми зерттеулеріне белсенді түрде жасалған сілтемелер саны жағынан Ғылыми кітапхана 1-орын алды. Сәтбаев университетінің Ғылыми кітапханасы – ҚР Жоғары оқу орындарының кітапханалары қауымдастығының, ҚР кітапханалары Ақпаратттық консорциумының мүшесі.

 

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.