Халықаралық орталықтар

Satbayev University

Кен орындарын өңдеу және саралау жөніндегі халықаралық орталық

Сәтбаев Университеті мен Baker Hughes және General Electric Company бірлескен инвестициялық кәсіпорны мұнай-газ және тау-кен-металлургиялық саласына арналған инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 2018 жылы 26 шілдеде құрылған.

Кәсіпорынның негізгі мақсаты – сұйық табиғи газ өндіретін, ұңғымаларды өлшеуге қажетті жүйелер мен поршеньді компрессорларды, бақылау-өлшеуіш құралдарын, газды және желдік турбиналар мен генераторларды, газды қозғалтқыштарды шығаратын зауыттарға арналған инновациялық жобаларды алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып іске асыру.

Компания қызметі бағыттарының бірі – студенттерді оқыту және олардың кәсіби біліктілігін арттыру. Орталықтың материалдық-техникалық базасы дүниежүзілік белгілі компаниялардың тәжірибелерін қолдана отырып, студенттерге ғылыми зерттеулермен, конструкторлық жұмыстармен шұғылдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталықтағы әрбір маман қолданыла алатын білім базасын ашу жөнінде жұмыстар жүріп жатыр.

Компания жобаларының бірі – кен орындарын іздеу, барлау жүргізу және оларды іске қосу жұмыстарын бірлесе отырып бағалау, сондай-ақ Сәтбаев Университеті мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен бірлесіп құрылған кәсіпорынның көмір қабаттарынан метан өндіру жөніндегі жұмыстарын бағалау болып табылады.

Baker Hughes және General Electric company (NYSE: BHGE) – әлемдегі толық циклде қызмет ететін жалғыз компания, яғни ол мұнай-газ саласын алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтармен, сандық технологиялар және қызмет түрлерінің барлық әдістерімен толық қамтамасыз етеді. Бірлескен материалдық-техникалық және ғылыми-зерттеу базалары, Baker Hughes және General Electric Company компаниясының әлемдік тәжірибесі мен Сәтбаев Университетінің терең зерттеулері Қазақстанда энергетика мен мұнай-газ саласын дамытуға, сондай-ақ көмірлі метан кен орындарын іздеу мен оны өндіру әдістерін жетілдіруге зор үлес қосады. Ең бастысы – 2018 жылы 29 маусымда күшіне енген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес, инженерлер мен техникалық мамандардың жаңа буынын даярлауға мүмкіндік береді.

Орталық қызметінің негізгі бағыттары:

  • Сұйық табиғи газ өндіретін, ұңғымаларды өлшеуге қажетті жүйелер мен поршеньді компрессорларды, бақылау-өлшеуіш құралдарын, газды және желдік турбиналар мен генераторларды, газды қозғалтқыштарды шығаратын зауыттарға арналған инновациялық жобаларды алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып іске асыру;
  • Пайдалы қазбалар қорын халықаралық әдістемелерге сәйкес есептеу және бағалау;
  • Ғылыми-зерттеу жұмыстары;
  • Кен орындарын іздеу мен оны өндіру, сондай-ақ көмір қабаттарынан метан өндіру жөніндегі интеграциялық жобаларды бағалау және іске асыру;
  • Геофизикалық зерттеулер;
  • Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру;
  • Кен орындарына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және өндіру;
  • Жобалау-сметалық құжаттарды өңдеу;
  • Кез келген күрделі ұңғымалардың құрылысын жасау;
  • Қабаттар интенсификациясы.

Халықаралық орталықтың басшылығы:

Акционерлер өкілдері:

  • Ескендір Бейсембетов – Сәтбаев Университетінің Ректоры;
  • Шыңғыс Черниязданов – Сәтбаев Университетінің инновациялық даму жөніндегі басқарушы директоры;
  • Baker Hughes және General Electric Company басқарушыларының өкілдері.

Орталықтың кураторы: Сыздықов Аскар Хамзаұлы.

Қ. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, мұнай-газ саласының PhD докторы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ғылыми және өндірістік құрылымдарында әртүрлі басшылық қызметтерді атқарғанын есепке алғанда, Қазақстанның кен орындарын ашу мен мұнай-газ саласында жалпы саны 37 жыл еңбек етіп келеді.

Орталық жетекшісі: Абетов Әуез Егембердіұлы.

Геофизика кафедрасының меңгерушісі. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі. Мұнай-газ саласында жалпы саны 37 жыл еңбек етіп, Schlumberger компаниясында бас геолог қызметін де атқарды.

Орталық серіктестері:

Baker Hughes, a General Electric Company

Baker Hughes және General Electric Company – әлемдегі толық циклде қызмет ететін жалғыз компания, яғни ол мұнай-газ саласын алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтармен, сандық технологиялар және қызмет түрлерінің барлық әдістерімен толық қамтамасыз етеді. Компания Baker Hughes және General Electric Oil&Gas компанияларының алдыңғы қатарлы жетістіктерін пайдалана отырып, кәсіпорындар жұмысының өнімділігін, еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін тамаша білім мен озық технологиялардың мүмкіндіктерін қолданады. Baker Hughes және General Electric Company компаниясы дүние жүзінің 120 елінде бірлесе еңбек етіп, бүкіл әлемді энергия қуатымен қамтамасыз ету ісіне 100 жылдан астам уақыт бойы ат салысып келеді.

China Coal Technology & Engineering Group – Қытайда көмірлі метан өндіру саласында жетекші орын алатын инженерлі-технологиялық корпорация. Оның жылдық табысы 6 млрд АҚШ долларын құрады.

Пенсильвания университеті – АҚШ-та ғылыми-зерттеу саласы мен көмір шахталарынан метан өндіру саласы бойынша тамаша жетістіктерге жеткен.

Satbayev University
Satbayev University

Атом өнеркәсібінің халықаралық білім беру орталығы (МЕНОЦАП)

Сәтбаев Университеті мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның бірлескен кәсіпорны. Орталық қызметінің негізгі мақсаты – «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының индустрия саласындағы талай жылғы тәжірибесін сақтау, бір жүйеге келтіру және оны дамыта отырып, уран өнеркәсібі саласына қажетті кәсіби мамандардың жаңа буынын даярлап шығару.

Атом өнеркәсібінің халықаралық білім беру орталығы – Қазақстандағы уран өнеркәсібі саласындағы жаңа таланттарға бірыңғай білім беру, ұстаздық ету жүйесі бар ең ірі орталық, ол инновациялар мен білім беру үрдісінің үздіксіз болуын қаматамасыз етеді. Орталықтың қызмет көрсету аясында геология, өндірісті автоматтандыру және химиялық технологиялар мамандықтары бойынша гранттық негізде білім беру бағдарламалары қарастырылған. Оны бітірген студенттерген кейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына жұмысқа орналаса алады.

«Қазатомөнеркәсіп» – табиғи уран өндіру жөнінен дүние жүзіндегі «номер бірінші» компания болып саналады. Ол Қазақстан Республикасының уранды, атом электр станцияларына арналған ядролық отынды импорттау мен экспорттау жөніндегі ұлттық операторы. Қазақстанның 6 аймағында оның 80-нен астам өндіріс орындары орналасқан, оларда 27 мыңға жуық адам қызмет етеді.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының стратегиялық мақсаттары – табиғи уран өндіру жөнінде әлемдік нарықтың алдыңғы шебінде болу, ал кадр даярлау саясаты әлемдік дәрежедегі бәсекелестікке төтеп бере алатын жоғары білікті мамандар қатарын көбейту болып табылады.

Орталық қызметінің басым бөлігі ғылыми-зерттеу жұмыстарына, халықаралық дәрежедегі ғылыми жобаларды іске асыруға, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының талай жылғы еңбек тәжірибесімен толықтырылған ғылыми-әдістемелік және техникалық ақпараттардың сандық базасын құру жұмыстарына бағытталған.

Орталықта үш мамандық бойынша бейінді магистратура бағдарламасы іске қосылған: «Пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу, барлау және геологиялық түсірілім жасау», «Органикалық емес заттардың химиялық технологиясы», «Автоматтандыру және басқару». Білім беру үрдісіне «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының «Ақсақалдар кеңесiнің» мүшелері, Құрметті профессорлар кеңесінің мүшелері қатысады.

Орталықтың ғылыми-білім беру кешендері:

  • «Инновациялық геология-минералогиялық зертхана»;
  • «SU-Honeywell» оқу орталығы;
  • Технологиялық құрал-саймандарды монтаждау, жөндеу және іске қосу жөніндегі кафедра зертханасы;
  • Металлургия зертханасы;
  • Энергетика, электротехника және автоматтандыру жүйелеріне техникалық қолдау көрсету жөніндегі Schneider Electric қазақ-француз білім беру орталығы;
  • Нанотехнологиялар зертханасы;
  • Уран технологиясы физико-химиялық үрдістерінің зертханасы;
  • РБ ПБ және БИОТ кабинеттері;
  • Технологиялық үрдістердің виртуальды тренажерлары;
  • Fablab өндірістік зертханасы.

Орталықтың академиялық серіктестері:

  • Université Pierre et Marie Curie (Франция),
  • Université of Rennes (Франция),
  • The University of Arizona (АҚШ),
  • McGill University (Канада),
  • University Putra (Малайзия),
  • University of Surrey (Ұлыбритания),
  • KTH Royal Institute of Technology (Швеция),
  • University of Cambridge (Ұлыбритания),
  • Georgia Institute of Technology, (АҚШ),
  • Томск политехникалық университеті,
  • Ақпараттық технологиялар, механика және оптика жөніндегі Санкт-Петербург ұлттық зерттеу университеті.
Satbayev University
Satbayev University
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.