26 қыркүйек 2018 10877

Сәтбаев университеті халықаралық рейтинг бойынша жоғары көтерілді

Сәтбаев университеті халықаралық рейтинг бойынша жоғары көтерілді

Ағымдағы жылы 25 қыркүйекте Сәтбаев университетінде жыл сайынғы есептік жиналыс өтіп, онда университет Ректоры Ескендір Бейсембетов есептік баяндама жасады. Жиналыс барысында университет басшылығы мен институт директорлары да өздерінің жыл бойғы қызметтері жайында есеп беріп, еліміздің ежелгі техникалық оқу орнының жеткен жетістіктері мен алдағы даму жоспарлары жайлы айтып берді.

Сәтбаев университеті 2016 жылдан бері ғылыми жобаларға, сондай-ақ өндіріс секторы және бизнеспен тығыз қарым-қатынас жасауға баса назар аударып келеді. Жалпы алғанда, есеп беру жылының нәтижесі бойынша аты аңызға айналған Политех еліміздің басқа жоғары оқу орындары арасынан сытылып алдыңғы орынға шықты.

2015 жылы ел Президенті Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында қазіргі заманға сай зерттеу университетін құру туралы міндеттеме берген болатын. Университет тек студенттерді ғана оқытып қоймай, сонымен қатар ғылыми-техникалық жобалармен де шұғылдануы тиіс еді.

«Өткен жылы республикалық ғылыми-техникалық жобалар байқауында университет ғалымдары 6 мақсатты-бағдарламалық жоба және гранттық қаржыландыру  бағдарламасы бойынша 49 жоба жеңіп алды. Одан басқа ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциализациялау бойынша стратегиялық маңызы зор 3 байқауды жеңіп алды, оның ішінде Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бағдарламасы бойынша да жобалар бар», – деді өз сөзінде Сәтбаев университетінің Ректоры Ескендір Бейсембетов.

Аталмыш жылда университеттің тікелей қатысуымен төрт жаңа ғылыми-өндірістік құрылым ашылды, атап айтқанда, 2017 жылы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен бірлесе ашылған Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы, «Сандық техника және технология институты», 2018 жылы «Baker Hughes a GE Company» трансұлттық компаниясымен бірлесе отырып, Кен орындарына анализ жүргізу мен оны өңдеу жөніндегі халықаралық орталық, Қарағанды облысының көмірлі кен орындарында метан өндіру мен оны өңдеу жөнінде «Satbayev University & ArcelorMittal Gas Production» бірлескен кәсіпорны ашылды.

«Бізге міндеттелген ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды орындауға университет профессорлары мен жас оқытушыларының 48 %-ы жұмылдырылды. Мұндай көрсеткіш қазіргі кезде Қазақстан бойынша тек Nazarbayev University-нде ғана болуы мүмкін», – деп атап өтті Ректор.

Міне, осының бәрі университетте оқу үдерісінің дәрежесін арттыруға септігін тигізді. «Біз кафедралардың жұмыс сапасын үнемі қадағалап отырамыз. Бұл жөнінде біз ҚР Білім және ғылым министрлігінің оқудағы жетістіктерді ресми түрде бағалау көрсеткішіне және тәуелсіз агенттіктер жүргізетін рейтингтер көрсеткішіне сүйенеміз», – деді Е. Бейсембетов. 

Сәтбаев университеті халықаралық рейтинг бойынша жоғары көтерілді

Диаграммада көрсетілгендей, БжҒМ тарапынан қанағаттанарлықсыз бағаланған бағдарламалар саны 10 есе азайып, дәлдік ғылымдар нәтижелерін бағалау көрсеткіші артып отыр. Ал ағылшын тілін Intermediate B1 деңгейінде білетіндер саны 0,3%-дан 24%-ға дейін артқан.

«Өткен екі жыл ішінде біз білім беру жүйесін жетілдіріп, оның сапасына баса назар аудардық. Енді барлық көрсеткіштер тек қана өсіп, 2021 жылға дейін тұрақтануға тиіс. Біз отандық НКАОКО рейтингісі бойынша 2-орынға көтерілдік. 2017 жылы QS World University Rating халықаралық рейтинг бойынша әлемдік алдыңғы қатарлы 800 университеттер арасында 411–420-орындарға ие болдық. 2016 жылы 551–600 орындарда болсақ, қазір осылайша халықаралық деңгейде 100 сатыға көтеріліп отырмыз», – деді өз сөзін қорытындылай келе Ректор.

Жиылыс барысында университеттің Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бағдаулет Кенжалиев, Академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ринат Искаков, ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов, Сейсмология институтының директоры Досым Сүлеев, Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев сөз сөйлеп, Ректор аппаратының басшысы Берік Мықтыбаев жиналысты жүргізіп отырды.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту