Ғылыми жұмыс тарихы

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

1934 жылы негізі қаланған Сәтбаев университеті содан бері елдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене араласып келеді. Қазақстанның қарыштап аға даму тарихында университет ерекше роль атқаратыны алғашқы күннен бастап-ақ белгілі болды. Сол кездегі Қазақтың тау-кен металлургия институты аз ғана уақыт ішінде республикадағы тау-кен металлургия, геология, құрылыс және басқа да өндірістік салаларға қажетті инженерлік кадрларды даярлап шығаратын негізгі базаға айналды. Сөйтіп институт Қазақстанның геология, тау-кен ісі және металлургия саласындағы ғылыми-практикалық қызметі қалыптасып, одан әрі нығаюы жолында ерекше роль атқарды. Ал университет жанынан құрылған ғылыми мектептер (мысалы, Байқоңыров мектебі) республиканың шикізат-кен байыту базасының дамуына сүбелі үлес қосып, тау-кен металлургия өндірісінде жаңа технологияларды игеруге атсалысты. Университеттің қалыптасуы сондай-ақ белгілі ғалымдардың есімдерімен де тығыз байланысты. Олар: Ө. А. Байқоңыров, Х. К. Аветисян, И. И. Бок, А. В. Бричкин, Л. Г. Кушев, В. Д. Пономарев, А. С. Попов, В. В. Стендер, А. А. Цефт,  Е. Д. Шлыгин, Кеңес Одағының Батырлары М. Баймұқанов, В. А. Засядько.

Қазақ тау-кен металлургия институтының қалыптасып, дамуына академик Қ. И. Сәтбаев баға жетпес, орасан зор үлес қосты. 1937-38 жылдары алғашқы инжерен-геолог түлектерінің біріруінен бастап Қ. И. Сәтбаев Мемлекеттік емтихан комисссиясына төрағалық етті. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары институттағы Ғылыми кеңестің мүшесі болды.

Соғыс жылдарынан кейін еліміз экономикасын қалпына келтіріп, әрі қарай дамыту жолдары білімсіз, инженер кадрлардың көмегінсіз мүмкін емес еді. Сондықтан да ғылыми зерттеулерді, энергетиканы, мұнай өндіру және басқа да салаларды жылдамдата дамыту қажет болды. Сөйтіп, 60-жылдарға таман Қазақ тау-кен металлургия институты елдегі көпсалалы жоғары оқу орындарының біріне, әрі техникалық бейіндегі ең ірі ғылыми ұйымға айналды.

Қазақ тау-кен металлургия институты 1960 жылы Қазақ политехникалық институты болып атын өзгертіп, ондағы ашылған ғылыми мектептер отандық инженерлік ғылымның мақтанышы мен абыройына айналды. Қ. И. Сәтбаев, И. И. Бок, Г. Ц. Медоев сынды белгілі бір топ ғалымдардың басшылығымен жаңа геологиялық пән – металлогения дүниеге келіп, Қазақстанның тұңғыш металлогениялық жобалық картасы жасалды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е. А. Анкинович соған дейін белгісіз болып келген минералдардың авторы атанды. 1978 жылы институт өзінің ғылыми-педагогикалық потенциалы жағынан Кеңестер Одағындағы жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналып, заңды түрде елдегі жоғары техникалық білім беру саласының үздігі атанды. Ал 1984 жылы кәсіптік мамандарды даярлауға және ғылыми зерттеулерді дамытуға қосқан зор үлесі үшін В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты Еңбек Қызық Ту орденімен марапатталды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1994 жылы институт Қазақ ұлттық техникалық университеті болып өзгеріп, оған құрылымы көпсатылы болатын  республикаға қажетті кадрлар даярлау функциясы жүктеліп, оқу жоспарлары мен бағдарламаларды қайтадан қарау керек болды. Міне, осы оңтайлы іске қосқан зор үлесі мен елге қажетті инженер-техникалық мамандар даярлауда ерен еңбек танытқаны үшін және әйгілі академик Қ. И. Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қыркүйек күнгі Қаулысымен Қазақ ұлттық техникалық университетіне қазақстандық ғұлама ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі берілді.

Университеттің бүгінгі таңдағы ғылыми жұмыстарының басты міндеті – «ғылыми зерттеулер арқылы білім беру» және өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасау. Университет өндіріс мәселелерін шартты зерттеулер арқылы шешеді, ал ғылыми жаңалықтарды коммерциализациялау жөніндегі жұмыстарды белгілі мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорындармен тығыз байланыс жасай отырып жүзеге асырады. Атап айтқанда: «Қазцинк», «Қазхром», «Қазатомөнеркәсібі», «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Тоспа Су», «Парасат», «Павлодар мұнай-химия зауыты».

Қазір университет инновациялық жобаларды қалыптастырып, жүзеге асыруға жәрдемдеседі, жаңа ізгі ойлар мен идеяларға таңдау жасайды, стартап-компанияларды құруға және дамытуға, грант пен инвестицияларды тартуға көмектеседі. Сондай-ақ интеллектуалды қызмет нәтижелеріне құқықтық қорғау жасауға заңды түрде ықпал етеді.

Аты аңызға айналған әйгілі Политехтың тарихы Қазақстанның инновациялар тарихын бейнелейді

история Satbayev University

 

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.