Гидрогеология және инженерлік геология

Жерасты сулары, олардың тау жыныстарымен жерүсті суларымен және атмосферамен өзара әрекеті туралы ғылым саласына қажетті мамандарды даярлайды. Оқу бағдарламасының басты міндеті – гидрогеологияның негізгі түсініктерін меңгеру, жерасты сулары қозғалысының заңдылықтары мен олардың химиялық құрамын, далалық және гидрогеологиялық тәжірибелік зерттеулердің әдістерін, жобалауларды жасау принциптерін оқып үйрену. 

Түлектер гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық саланың техникасы мен технологиясы жөніндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын, гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық саланы ұйымдастыру және олардың қызмет істеу заңдылықтары мен нормативті материалдарын біліп шығады.

Біздің түлектер геологиялық барлау экспедицияларында, геофизикалық және бұрғылау партияларында, жобалау ұйымдарында еңбек ете алады. Гидрогеологтың негізгі міндеті – су көздерін іздестіру, оның көлемін, өнеркәсіптік маңыздылығын анықтау, кен орындарын жерасты суларынан сақтау шараларын ұйымдастыру, ол суларды сорып алу жөніндегі технологиялық мәселелерді шешу және сол аймақтың гидрогеологиялық картасын жасау.