Пайдалы қазбаларды байыту

Кен қазу және өндіру, тау-кен жұмыстары саласындағы инженер-техникалық және ғылыми-зерттеу қызметіне, металлургия, алтын және уран өндіру саласы кәсіпорындарына қажетті мамандарды даярлайды.

Түлектер кен байыту орындары мен пайдалы қазбаларды және техногенді шикізатты қайта өңдеу жөніндегі өндіріс орындарындағы технологиялық үрдістер, тау-кен байыту өндірісінің құрал-жабдықтары технологиясы, кен байыту өндірісін автоматты түрде басқару жүйесін және алынған өнімге бақылау жүргізу әдістері туралы білім алып шығады.

Сонымен қатар кен орындарын техника-экономикалық бағалауды, бас жоспарын жасауды, инвестиция құюды бағалау әдістерін, кен байыту фабрикаларының құрылысын жобалаудың тиімділігі мен техника-экономикалық қауіпсіздігін және қажетті құжаттарды рәсімдеу жолдарын біліп шығады.

Оқу барысында студенттер курстық жұмыс жобаларын орындап, онда кен байыту фабрикалары цехының жобаларын келтіреді, технологиялық үлгісін жасайды, қажетті аппаратураларды орнықтырып, кенді қайта өндеудің өзіндік құнын есептеп шығарады.

Біздің түлектер кен байыту фабрикаларында, уран кен орнында, құнды металдар өңдеу жөніндегі металлургиялық зауыттарда, құрылыс орындарында, ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық мекемелерінде қызмет ете алады. Олар пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу, кен байыту машиналары мен аппараттарына қызмет көрсету, оларды жөндеу жұмыстарымен де шұғылданады.