Техникалық физика

Жаңа материалдар мен технологияларды, аспаптар мен құрылғыларды зерттеу мен жасау және оларды қолдану саласына қажетті мамандарды даярлайды. Мұнда механика, атомдық және ядролық физика, физикадағы есептеу әдістері, электроника мен үлгілеу техникасы, материалдану пәндері тереңдете оқытылады. Ал оқу сағаттарының көпшілік бөлімі зерттеу әдістерінің практикалық сабақтарына бөлінген.

Түлектер механиканың физикалық негіздерін, электр мен магнетизмнің негіздерін, оптиканы, атомдық және ядролық физиканы, физикадағы есептеу әдістерін, физика-техникалық зерттеулер әдістерін, инженерлік және компьютерлік графиканы және т. б. біліп шығады.

Сонымен қатар олар нанотехнология, космос және атом саласындағы күрделі де маңызды ғылыми-инженерлік есептер мен тапсырмаларды орындауды үйренеді.

Біздің түлектер ғылыми-зерттеу ұйымдары мен өндірістік зертханаларда қызмет етіп, әр саладағы өндіріс орындары мен технологиялық кәсіпорындарда қазіргі заманғы физика ғылымының жетістіктерін тиімді пайдалануға жауап бере алады. Сондай-ақ олардың атқаратын міндетіне жаңа физико-технологиялық аспаптар мен құрал-жабдықтарды өндіріске енгізу, қолдану бағыты әртүрлі болатын жүйелерді ойластырып, іске қосу жұмыстары да жатады.