Сәтбаев университеті Polytech Online сервисін іске қосты
Дүние жүзінің ірі-ірі жоғары оқу орындарымен қатар Сәтбаев университеті де өз студенттерін Polytech Online сервисінің көмегімен қашықтықтан білім беру режиміне ауыстырды.
Онлайн-оқу – білім беру саласындағы ең өзекті тренд, оны Stanford, Berkley және MIT университеттері іске қосқан. Сәтбаев университеті де әлемдік трендтен қалыспай, жаңа технологияларды біртіндеп іске қосып келеді. Солардың бірі – қашықтықтан білім берудің Polytech Online сервистік жүйесі.
Сервис аясында студент аудитория форматында оқыған курстарына қол жеткізе алады. Теориялық материалдар, тест жұмыстары және үй тапсырмасын алумен қатар студенттің оқытушымен байланысқа шығуына және вебинарға қатысуына мүмкіндік беріледі. Осылайша Polytech Online студенттердің виртуалды аудиториясына айналып, Қазақстанның кез келген бұрышында отырған студентке білім бере алады.
Polytech Online сервисі аптасына 240 сағат вебинар өткізуге есептелген. Ішкі сервиспен қатар студенттер Zoom, Skype, Google Класс және Microsoft Teams бағдарламаларын да қолдана алады, мұндай мүмкіндікті оларға Сәтбаев университеті жасап отыр.
Polytech Online сервисінде студенттер мен оқытушыларға арналған есептік жазбалар мен сабақ кестесі университеттің оқу порталындағы мәліметтер негізінде автоматты түрде жасалған. Бұл 9000-нан астам студент пен оқытушыларды аз ғана уақыттың ішінде – екі жарым күнде – қашықтықтан білім беруге көшіруге тамаша мүмкіндік берді.
Аталмыш жоба Сәтбаев университетінде қашықтықтан білім беру жүйесін тез арада ұйымдастырып, іске қосуға және оны бір жүйеге келтіруге мүмкіндік берді.
Сәтбаев университеті қашықтықтан оқытуға көшудің жол картасын жасап, оның алғашқы қадамы ретінде студенттер мен оқытушыларды қашықтықтан білім беру жүйесінің артықшылықтарымен таныстырды.
Университет бұл жоба Қазақстанда қашықтықтан білім беру жүйесін дамытуға көмектеседі және қашықтықтан қалай оқуды мектептен біліп шығатын ұрпақтың пайда болуына ықпал етеді деп үміттенеді.