Сәтбаев университетінің студенті өз мектебіне қашықтықтан оқыту режиміне ауысуға көмектесті
Коронавирус індеті мен карантин біздің қоғамға қиындық тудырып қана қоймай, сонымен қатар еліміздегі таланттарға өз дарынын дәріптеуге де мүмкіндік беруде. Елімізге төніп отырған қиын жағдайда Сәтбаев университетінің студенті Санжар Құрманғалиұлы өзі балалық шағында білім алған мектебіне қашықтықтан оқыту режиміне көшуі үшін көмек жасады.
Санжар Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жаңа жол ауылында туып, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте оқыды. Осы мектепте анасы мен тәтесі мұғалім болып қызмет етеді. Карантин енгізіліп, қашықтықтан оқыту режиміне ауысқаннан кейін мұғалімдер мен оқушылар қиындықтарға тап бола бастады. Мұғалімдер үшін қашықтықтан оқыту жаңа, үйреншіксіз жағдай еді. Өйткені интернет жүйелерін қалай пайдалану керектігін, оқу материалдарын қайда орналастырып, курстарды қалай құруды олардың көпшілігі біле бермейді.
Мектепке көмектесу үшін Санжар домен сатып алып, хостинг ақысын төледі, сөйтіп оқушыларға арналған http://do-school.kz/ білім беру порталын жасады. Сайтты әзірлеу үшін ол Moodle платформасын қолданды және мұғалімдерге арнап сайтпен жұмыс істеу туралы бейнежазба жасады.
IT құралдарымен жұмыс істеуге мектеп мұғалімдерінің бәрі бірдей дайын емес, сондықтан олар WhatsApp пен әлеуметтік желілерді қолдануды жалғастыруда. Қазіргі уақытта do-school.kz сайтында 672 қолданушы тіркелген. Олардың ішінде 150 адам сайтты пайдаланады, ал пайдаланушылар саны біртіндеп өсуде.
Сайтты әзірлеу үшін Санжардың бір апта уақыты кетті – оған Сәтбаев университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 3-курста алған білімі көп көмектесті.
– Мен веб-сайттарды әзірлеумен көптен бері айналысып келемін, веб-сайт құру маған қиын болған жоқ. Мамандық таңдайтын уақыт келгенде, көп ойланбастан өзіме ұнайтын іспен айналыссам деп шештім де, бағдарламалау мамандығын таңдадым. Ал Сәтбаев университеті – Қазақстандағы ең дамыған алдыңғы қатарлы техникалық университет болғандықтан, менің таңдауым осыған тоқтады. Оқудың алғашқы күндерінен бастап-ақ мен оқытушылардың кәсіпқой маман екендігіне назар аудардым. Менімен бірге оқитын студенттер де дарынды, әрі өте білімді болып шықты. Оқу өте қиын, сондықтан өзім көп дайындаламын, өйткені мен жақсы бағдарламашы, өз ісімнің маманы болғым келеді.
Санжардың өзі де қашықтықтан білім алып жүр. Университетте оқумен қатар, ол осы жоғары оқу орнында оператор болып жұмыс істейді. Сәтбаев университетінің онлайн курстарына арналған бейнежазбаларды жасайды. Сондықтан ол университеттің қашықтықтан білім беру форматын автор ретінде де, қолданушы ретінде де бағалай алады:
– Қашықтықтан оқыту режиміне ауысу университет үшін еш қиындық тудырған жоқ, – дейді Санжар. – Біз тіпті айырмашылықты сезбедік те. Үнемі топпен, оқытушылармен, эдвайзермен байланыста боламыз. Олар біздің оқуымызды бақылап, қолдау көрсетеді. Сабақтар кесте бойынша нақты уақыт ішінде өтеді, алдымен оқытушының дәрісі, содан кейін пікірталас түрінде өткізіледі. Polytech online.kz порталындағы топта сұрақтар қойып, бір-бірімізбен пікір алмасамыз, кейде әзілдесеміз. Сонымен қатар біз GitLab, Telegram, Discord порталдарын да қолданамыз.
Карантин кезеңінде республиканың барлық университеттері мен мектептері қашықтықтан оқыту режиміне ауысты. Санжардың тапқырлығы мектепке көп көмек болды – балалар жаңа тоқсанның бірінші күнінен бастап сабаққа кірісіп кетті. Университет қабырғасында алған білімдері мен тәжірибесін өмірде қолданып, дарындылық танытқаны үшін Сәтбаев университетінің оқытушылары өз студентін мақтан тұтады.