Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Алматыда жаңа Эко-Хаб ашылды
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Cәтбаев университетінде Алматыдағы екінші Эко-Хаб өз жұмысын бастады. Жаңа алаң экологиялық ағарту жұмыстарының, еріктілер бастамаларының және тұрақты даму қағидаларын тәжірибе жүзінде үйретудің орталығына айналмақ. Эко-Хаб бірнеше бағытта жұмыс істейтін болады: қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдайды, экологиялық еріктілер қозғалысын дамытады, мектеп оқушыларына, студенттерге және балалы отбасыларға арналған танымдық іс-шаралар мен шеберлік сабақтарын өткізеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, табиғатқа жанашыр көзқарас дәрістерден емес, нақты іс жүзінде қалыптасады. ECO Network сегіз жыл ішінде жергілікті шағын бастамадан ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды.
«Біз еліміздің бірнеше қаласында Эко-Хаб ашып, оған адамдардың белсенді қатысуынан оң өзгерістер басталатынына көз жеткіздік. Экология – бір ғана адамның күшімен шешілетін мәселе емес. Осындай жобалардың айналасына серіктестер, еріктілер мен жанашыр азаматтар көбірек топтасқан сайын, нәтиже де айқынырақ көрінеді», – дейді ECO Network негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.
ECO Network-пен бірлесіп, Cәтбаев университетінде қайта өңделген пластиктен үстелдер, орындықтар, шамдар мен басқа да бұйымдар жасайтын шағын өндіріс орны жұмыс істеп келеді.
«Бүгінде университеттердің міндеті тек білікті маман даярлаумен шектелмейді. Біз жастардың бойында табиғатқа жауапкершілікпен қарау қасиетін де қалыптастыруымыз керек. Болашақ инженерлер мен басқарушылар оқу кезінде де, болашақ кәсіби қызметінде де Тұрақты даму мақсаттарына үлес қосуға дайын болуы керек», – деді өз сөзінде Cәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Бұл жаңа алаң Алматыда экологиялық ағарту ісін дамытуға, еріктілер қозғалысын кеңейтуге және жастарды «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасына тартуға қызмет ететін болады.
«Біз Эко-Хаб ұжымымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз, әрі мұндай тәсілдің тиімділігін көріп отырмыз. Жастар қалдықтарды өз қолымен сұрыптап, оларды қайта өңдеу үдерісіне қатысады, соңында өз еңбектерінің нақты нәтижесін көреді. Экологиялық мәдениет дәл осылай қалыптасады. Қазір бұл заманауи қалалардың өмір салтының ажырамас бөлігіне айналып отыр», – деді Алматы қаласы әкімдігі Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
ECO Network жобасы 2018 жылы Алматы қаласында құрылған. Осы уақыт аралығында ұйымның бастамалары Қазақстанның он қаласын қамтыды. Ұйым жобаларының қатарында «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп», Эко-Хаб және Эко-Трак бағдарламалары бар. Бүгінде ұйым мамандары экологиялық бағдарламаларды әзірлеуге қатысып, Қазақстан мен ТМД елдеріндегі мемлекеттік органдарға, білім беру ұйымдарына және қоғамдық бірлестіктерге кеңес беріп келеді.



