Қазақстан мен Гонконг білім, ғылым және инновация салаларындағы серіктестігін кеңейтуде
Бүгін Астанада Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі мен Hong Kong Trade Development Council (HKTDC) ұйымдастырған бизнес-форум аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Гонконг қалалық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгайдың (Michael Ngai) қатысуымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.
Қол қойылған құжаттар Қазақстан мен Гонконг арасындағы жоғары білім, ғылым, инновация және кәсіпкерлік салаларындағы әріптестікті нығайтудың маңызды қадамы болды. Тараптар академиялық алмасуларды дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және жастар бастамаларын қолдауға өзара мүдделі екенін растады.
Іс-шара Қазақстан мен Гонконгтың мемлекеттік органдарының, жоғары оқу орындарының және бизнес қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинап, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және ортақ жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік ашты.
Осыған дейін Сәтбаев университеті мен Гонконг қалалық университеті (City University of Hong Kong) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат Қазақстан кәсіпорындары мен мемлекеттік органдарының басшыларына арналған жасанды интеллект пен цифрлық трансформация бағытындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруды көздейді.



