Атомдық инженерия

Бағдарлама жылу және ядролық энергия өндіретін атом станциялары инженерлерін, атом станциялары мен басқа да ядролық энергетикалық құрылғылардың құрылысын жобалау, жасау және оларды қолданысқа өткізу саласына, атом және уран инженериясы саласына қажетті мамандарды, ядролық реакторларды басқару, ядролық үдерістерге бақылау жүргізумен айналысатын кәсіби мамандарды даярлайды. Түлектерге техника және технологиялар бакалавры дәрежесі беріледі.

Физика-математикалық бөлім аясында студенттер ядролық және радиациялық физика пәні бойынша негізгі базалық білім алады, аналитикалық геометрия мен сызықтық алгебра бойынша, дифференциалды және интегралды есептеу, ықтималдылық теориясы мен математикалық статистика бойынша негізгі түсініктер мен әдістерді оқып үйренеді. Ал мамандық пәндері ретінде ядролық реактор динамикасы; дозиметрия негіздері; энергоблоктарды автоматтық басқару мен ядролық үрдістердің қауіпсіздігі; АЭС-дағы реакторлық және жылумеханикалық құрал-жабдықтарды жөндеу, оларға қызмет көрсету; радиациялық бақылау және оның жабдықтарына бақылау жасау жөніндегі пәндерді оқиды. Оқу барысының міндетті құрамы – әртүрлі кәсіби міндеттер мен теориялық тақырыптар бойынша практиканы жүйелі түрде ұдайы өткізіп тұру.

Түлектер атом станциялары мен басқа да ядролық энергетикалық құрылғылардың жобаларын жасайды, АЭС, әртүрлі ядролық және термоядролық құрылғылардың (мысалы, медицинада) құрал-жабдықтарын қолданысқа өткізумен, сондай-ақ олардың жұмысына бақылау жасау, атом станциялары мен ядро-физикалық құрылғылардың жұмысын автоматты түрде басқару, олардың қауіпсіздігін сақтау ісімен айналысады. Ядролық отын шығаратын кәсіпорындарды аса жоғары қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін құрылғылардың жобаларын жасап, оларды іске қосумен шұғылданады.

Түлектер болашақта қоршаған ортаның тазалығына аз ғана мөлшерде әсер ететін, экологиялық қоғамның символы болып табылатын атом энергетикасы саласында қызмет етеді. Ең басты жұмыс беруші – «ҰАК «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы.

Түлектер мемлекеттік органдар мен министрліктер қызметін, бақылаушы органдар мен МАГАТЭ-нің жергілікті қызметін қамтамасыз етуші атом өнеркәсібі орындарында техникалық мамандар ретінде еңбек етеді. Ядролық техника инженері ядролық энергия өндіру және радиоактивті қалдықтарды тиімді түрде жою мәселелерімен де айналысады.