Наноматериалдар және нанотехнологиялар

Наноматериалдар және нанотехнологияларды зерттеу саласына қажетті мамандарды даярлау – ғылымды қажет ететін жаңа бағыт, ол физика, химия, биология, электроника мен медицина саласының соңғы жетістіктерін пайдалануға және оны оқып-білуге негізделіп, ғылым мен техниканың қарыштап даму жолдарын айқындайды. 

Түлектер физикалық материалтану саласы бойынша терең білім алып, материалдар құрамын, қасиетін, олардың құрылымын зерттеу құралдары мен қазіргі заманғы әдістерін қолдану жөнінде машықтанып, үйреніп шығады. Сондай-ақ жаңа идеяларды түрлендіруді, кешендік зерттеулерді жобалау мен іске қосуды, ғылыми коммуникацияның технологиялары мен соңғы жетістіктерін пайдалануды біліп шығады, соның арқасында халықаралық зерттеу жұмыстарына қатыса алады.

Микро- және нанотехнологиялар мен материалдар жөніндегі мамандар ғылыми-зерттеу институттарында, медико-техникалық, ядролық-физикалық және химия-технологиялық бағыттағы компанияларда қызмет ете алады. Олар сондай-ақ қазіргі заманғы электроника жүйесіне қажетті технологияларды өндіреді, оларды сынақтан өткізіп, сараптама жасайды. Ғылымды қажет ететін күрделі технологияларды өндіріске енгізеді. Әсіресе нанотехнология мамандары машина жасау, химиялық және радиотехникалық салалар кәсіпорындарында жоғары сұранысқа ие болып отыр.