Мұнай инженериясы
Уровень
Шифр
6B072
Профильді пән
Математика - Физика
Телефон

Аталған бағдарлама энергетика, мұнай, газ және де басқа да сұйық ресурстарды жер қойнауынан өндіру саласында мамандарды даярлауға бағытталған, Қазақстан аумағында үлкен сұранысқа ие жетекші бағдарлама болып табылады. Мұнайшы-инженерлер мұнай және табиғи газды жер қойнауынан өндіріп, әрі қарай өңдеу кәсіпорындарына жіберу сатысына дейінгі аралықта технологиялық сараптаумен қамтамасыз етеді.

Бағдарлама математика, физика, геология, химия сияқты іргелі ғылымдардан бастап инженерлік анализ, жобалау және басқаруға дейінгі кең ауқымдағы пәндерді оқытуды қамтиды.

Бұл бағдарлама бойынша білім алу барысында сіз мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау технологиясын, ұңғыларды геофизикалық және гидродинамикалық зерттеу әдістемесін, мұнайды механикаландырылған жолмен өндіру технологиясы мен жүйесін, кенорындарды игеруді, мұнайды өндірудің екіншілік және үшіншілік әдістерін, сонымен қатар аталған үрдістерді компьютерлік модельдеуді үйренетін боласыз.

Студенттердің студенттік ұйымдар мен өндірісте тәжірибеден өту арқылы мұнай инженериясы саласындағы дағдылары мен білімін дамытуына үлкен мүмкіндіктер жасалынған. Мысалы, «Мұнай инженериясы» мамандығы бойынша білім алатын студенттер халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізеді және Инженер-мұнайшылардың халықаралық қоғамының – «SPE» секциясының мүшелері болып табылады.

Мұнайшы инженерлер қоғамы (Society of Petroleum Engineers) – бұл мұнай өнеркәсібіндегі техникалық мамандарының халықаралық коммерциялық емес ұйымы. Қоғамның басты мақсаты мұнайды барлау мен өндіру саласындағы білімді жинақтау және тарату, сонымен қатар осыған байланысты технологияларды дамыту. Компания кеңселері Мәскеу, Даллас, Хьюстон, Лондон, Дубай және Куала-Лумпурда орналасқан. SPE мүшелерінің саны 100 мың адамнан асады, оның ішінде 28 мыңнан астамы студенттер болып табылады.

Кафедра студенттері Сәтбаев университетінің оқу-жаттығу базасында және Schlumberger, Chevron, ҚазМұнайГаз, Роснефть, Лукойл, Eni, CNPC, ExxonMobil, Total, Royal Dutch Shell, Maersk Oil сияқты үздік отандық және халықаралық компанияларда тәжірибеден өтеді. Кафедраның кейбір түлектері БАӘ-нен Солтүстік теңізге дейін халықаралық локацияларда жұмыс істеуде және тәжірибе алуда.

Үздік студенттер Батыс және Шығыс Еуропа университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша қосымша білім ала алады.

Бітірушілер техника және технология бакалавры біліктілігін алады және геология, геофизика, бұрғылау, мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану саласында жұмыс істей алады және барлық инженерлер арасында ең жоғары жалақы алуға мүмкіндігіне ие болады. Мұнай өнеркәсібіндегі дәстүрлі мамандықтардан басқа, ластануды тазалау, жерасты қалдықтарын жою (соның ішінде атмосфералық парникті газдарды азайту үшін жерастына көмірқышқыл газын айдау) және гидрология саласындағы мұнай инженерлік жүйелерінің түлектеріне арналған басқа да жаңа мамандықтар бар.