2 мамыр 2024 2085

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен Сәтбаев Университетінің 90 жылдық мерейтойы жылында ректор атқарылған жұмыстар туралы есеп берді

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен Сәтбаев Университетінің 90 жылдық мерейтойы жылында ректор атқарылған жұмыстар туралы есеп берді

Сәтбаев Университетінде жыл сайынғы есеп беру жиыны өтіп, онда университет ректоры Мейрам Бегентаев сөз сөйлеп, соңғы үш жылда атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді және еліміздегі ең көне техникалық университеттің алдағы үш жылдық мерзімдегі даму перспективалары туралы баяндады.

Осыдан үш жыл бұрын инфрақұрылым мен оқу үдерісін ұйымдастыруда көптеген қиындықтарға тап болған университет өз алдына ауқымды мақсаттар қойған болатын. Сол жоспарлардың барлығына дерлік қол жеткізілді, кейбіреуі тіпті асыра орындалды. Университет ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында Мемлекет басшысы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен университет инженерлік-техникалық мамандықтарға жастарды тарту ісін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріп, көптеген жетістіктерге жетті.

Сәтбаев Университеті өзінің басты мақсатын бірден анықтады – ол еліміздің ғылыми-техникалық және білім беру орталығы болу. Университеттің барлық жаңалықтары мен қолға алған жобалары қалай да Сәтбаев Университетінің «Ғылым мен білім адам игілігі үшін» деген басты миссиясын жүзеге асыруға бағытталды, ал даму бағдарламасы ұзақ жылдардан соң алғаш рет ел Үкіметінің қаулысымен бекітілді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттегі өзгерістер мен ауқымды жоспарларды, сондай-ақ университеттің қоғамның тұрақты дамуына үлес қосуға деген ұмтылысын шексіз қолдайды.

2023 жылғы тамыз айында Сәтбаев Университеті БҰҰ Жаһандық шартына қосылған Қазақстандағы алғашқы және бүгінгі күнге дейін жалғыз университет болып отыр. Университет SDG Ambition Accelerator бағдарламасының ресми білім беру серіктесі болды, ол үшін тұрақты даму мақсаттарына 100%-дық академиялық адалдық пен тұрақтылық жобаларын басқаруды, білім мен ғылым саласындағы әдепсіз тәжірибелерден бас тартуды негізге алды. Нәтижесінде университеттің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу тәсілін БҰҰ Орталық Азия елдерінің академиялық қауымдастығы үшін эталон ретінде мойындады.

Сәтбаев Университеті әлемнің 200 үздік университетінің қатарына кіруді өзіне мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жету жолында университет білім беру қызметінің деңгейін айтарлықтай нығайтып, әлемдік аренадағы қызметін кеңейту үстінде әлі де еңбек етуде.

Университет студенттер санын 12 670-ке дейін өсірді, олардың 90%-ы оқу орнын бітіргеннен кейін бірінші жылы-ақ жұмысқа орналасады. Оқу орнында Европа мен Азияның 19 елінен келген 1165 шетелдік студент білім алады. Университеттің – 20% магистранттар мен 10% докторанттарды даярлау туралы мақсаты университеттің даму бағдарламасында көрсетілген. Үш жыл ішінде докторлық жұмысты қорғаушылар саны екі есеге ұлғайтылды, енді олардың санын одан әрі арттыру үшін, докторантураға дейінгі Pre-Doctoral пилоттық курсы іске қосылды.

Университеттің академиялық қызметі ғылыми зерттеулерді оқу үдерісіне біріктіруге, студенттердің жеке оқу траекториясын қалыптастыруға және олардың өндірісте практикалық дағдыларды меңгеруіне негізделген. 2024 жылдың мамыр айына дейінгі көрсеткіш бойынша кәсіпорындарда университеттің 32 кафедрасы бар, жақын арада тағы 6 кафедра ашылады.

Университет базалық тәжірибеден өтетін кәсіпорындармен 800-ден астам келісімшарт жасады, сондықтан студенттер екінші оқу жылынан бастап өндірістік тәжірибеден өтеді. Ал үшінші курста олардың көпшілігі диплом алғаннан кейін қайда жұмыс істейтінін анықтай алады.

Жоғары оқу орны сонымен қатар өндірістегі білікті инженерлерді сабақ беруге тартады, ал университеттің оқытушылары кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді. Нәтижесінде түлектер нақты жұмыс үдерістеріне тез бейімделеді, ал оқытушылар кәсіби тұрғыда жетіледі: 2023 жылы Сәтбаев Университетінің 14 оқытушысы «ЖОО үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Сәтбаев Университеті білім беруді цифрландырудың кең ауқымды бағдарламасын енгізіп, онлайн оқытуға лицензия алған Қазақстандағы алғашқы университет болып отыр. Университет Coursera халықаралық білім беру платформасының 1000 лицензиясына ие болды. Жоғары оқу орнының 885 студенті мен профессорлық-оқытушылар құрамынан 130 адам ақпараттық технологиялар, робототехника, машиналық оқыту, биомедицина және т.б. салалар бойынша білім беру бағдарламаларын сәтті аяқтағаны туралы 5053 сертификат алды. Алдағы уақытта Қазақстан мен Орталық Азияның білім беру нарығында цифрлық білім беру қызметтерін кеңейту жоспарлануда.

Сондай-ақ Porsche Қазақстан мен Сәтбаев Университетінің бірлескен жобасын ерекше атап өткен жөн, мұнда VR-зертханасын құру үшін 85 миллион теңге инвестиция салынған.

Соңғы үш жылда университет ғылыми қызметтен түсетін кірісті айтарлықтай арттырды: 2023 жылы университет бюджетіне келісімшарттық қызметтен және гранттық қаржыландырудан төрт есе көп табыс түсті. Бүгінгі таңда Сәтбаев Университетінің ғалымдары гранттық қаржыландырудың 95 жобасы бойынша 10 бағдарламамен, оның ішінде 6,8 млрд теңгеге жуық мақсатты-бағдарламалық қаржыландырудың 2 мегагранты бойынша жұмыс істеуде. Ал кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар бойынша табыс 4 есеге – 2 млрд теңгеге дейін өсті.

2024–2025 жж. мегагранттар аясында «StroyTech» технопаркін құру және энергия өндіруші технологияларды дамыту бойынша жобалар жүзеге асырылады. ПЦФ бағдарламалары шеңберінде 2 зертхана ашу жоспарлануда: гравиметриялық зертхана және жасанды интеллект ғылыми-зерттеу зертханасы (Artificial Intelligence Research Lab), сондай-ақ қолданбалы машиналармен оқыту зертханасын жаңғырту жоспарланып отыр.

2024 жылдың жазғы кезеңінде Fab Lab (Fabrication Laboratory) – цифрлық өндіріске арналған ең озық жабдықтары бар дүниежүзілік зертханалар желісінің экожүйесін қалыптастыру жоспарлануда. Ол үшін университет MIT Lab-пен келісім жасады. Ғылыми шығармашылыққа арналған бұл экожүйе Сәтбаев Университетінің студенттеріне, қызметкерлері мен оқытушылары үшін ғана емес, басқа университеттердегі әріптестер үшін де есігін айқара ашады.

Сонымен қатар ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде: 2022 жылы Ғылым қоры Коммерцияландыру байқауы аясында құны 3 млрд теңгеден асатын 13 жобаға қолдау көрсетті, ал университет 7 млрд 364 млн теңгені құрайтын 23 коммерцияландыру жобасын 1 млрд 776 млн теңге қоса қаржыландырумен іске асыруда.

Соңғы үш жылда университет ғалымдарының жарияланым белсенділігі артып келеді. Университет осы жөнінде жол картасын әзірлеп, рейтингі жоғары ғылыми журналдарда жарияланған бір мақаласы үшін ғалымдарға 265-тен 738 мың теңгеге дейін қосымша сыйақы төлей бастады. 2023 жылы 72 жарияланым үшін ғалымдарға ақы төленді.

Шетелдік университеттермен ынтымақтастық – Қазақстанда жоғары білім мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру бойынша ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Сәтбаев Университетінде екі жаңа серіктес пайда болды: Гонконг CityU университеті және Пенсильвания мемлекеттік университеті (Pennsylvania State University). Екі университетпен қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша келісімдер жасалды, енді «500 ғалым» және «Шақыртылған профессор» бағдарламалары аясында бірлескен ғылыми зерттеулер мен өзара ғалымдармен алмасуды жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл мүмкіндікке министр Саясат Нұрбектің үлкен көмегінің арқасында қол жеткізілді, сол үшін де университет министрге зор алғыс білдіреді.

Университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламалары Оңтүстік Кореяның Сунгкюнкван университетімен, Глазго университетімен (Ұлыбритания), Хоксчуле Хоф университетімен (Германия) бірге іске қосылды. Қазірдің өзінде Сиань теміржол кәсіптік-техникалық институтында (Қытай) 10 студент білім алуда. Ал Қытайдан келген 9 студент Сәтбаев Университетінде көлік технологиясы және инженерия, цифрлық логистика бағыттары бойынша білім алуда.

Университетте оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысын көтеру бойынша жұмыстар жүргізілуде: оқытушылар табысының министр бұйрығы бойынша белгіленетін төменгі шегі қамтамасыз етілді. Ал жоғарғы табысқа ешкім де, ештеңемен де шек қойылмайды, ол қызметкерлердің біліктілігі мен біліміне байланысты.

Университетте студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы мақсатта студенттер үшін және бүкіл қызметкерлер үшін университеттің инфрақұрылымы тәулік бойы қолжетімді, атап айтқанда: коворкинг орталықтары, кітапханалар, концерттік және спорттық залдары, жаттығулар мен кездесулерге арналған бөлмелер үнемі ашық. Инвесторлар мен меценаттардың қолдауымен қолданыстағы инфрақұрылым жаңартылып, шығармашылықпен айналысу үшін «Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталығы», «ArtLab» студенттер театры, коворкингтер мен кофеханалар, ашық алаңдар мен жайлы орта сияқты қосымша орындар ашылды.

Барлық нысандар инклюзивтік және қолжетімділік қағидаттарына сәйкес жаңартылды. «Almaty clinic» студенттік емханасында кепілдік көлемі аясында барлық студенттер мен қызметкерлерге тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Ал қалалық тұрғындар UniHub қызметтерін белсенді түрде пайдаланады, өйткені оның ішінде асхана, коворкинг және кітапхана бар. Университетте үш мұражай жаңартылып, қайтадан ашылды: Минералдар галереясы, Технологияларды дамыту мұражайы және Техника мұражайы.

Университет сондай-ақ жатақхана қорын ұлғайтып, «Dormitory» ақпараттық жүйесінің көмегімен жатақхана орындарын бөлу және орналастыру мәселесінің өзектілігін төмендетуде. Тұрғындарды орналастыру кезеңінде студенттерге көмек көрсету мақсатында «Жедел штаб» тәулік бойы жұмыс істеп, министрліктің Ахуалдық орталығымен тығыз байланыста болады.

Сәтбаев Университеті жалпы университеттік басқару ісінің маңызды бөлігін студенттік өзін-өзі басқару және ұйымдастыру жүйесінің құзыретіне берді. Студенттер 21 студенттік декан мен студенттік кеңес төрағаларын өздері сайлап, университет жатақханаларында орындардың бөліну тәртібін, іс-шаралардың дұрыс өткізілуін өздері қадағалап отырады.

Үш жыл ішінде Сәтбаев Университеті болашақ жетістіктер үшін берік негіз қалыптастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша университет ұжымы Сәтбаев Университетінің базасында инженерлік білім мен ғылым саласындағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құру бойынша жұмыс жүргізуде.

Университет ұжымы, «Ақсақалдар алқасының» кеңесі және Сәтбаев Университетінің Ректорлар кеңесі осынау ауқымды мақсат жолындағы жұмыс бағдарламасын мінсіз қолдайтынын ректор ерекше атап өтті.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту