27 қыркүйек 2017 3106

Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері – ҚазҰТЗУ-да

Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері – ҚазҰТЗУ-да

2017 жылғы 27 қыркүйек күні Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ринат Искаков Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы жылғы түлектерімен кездесу өткізді. Олар  университеттің бакалавриатына қабылданған болатын.

Кездесу барысында проректор осы студенттерге арналып жасалған үшжылдық тамаша бағдарлама туралы айтты. Осыған дейін ҚазҰТЗУ мен «НЗМ» ААҚ арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде бірінші курс студенттері мен мектептің соңғы сыныбы оқушыларына арналған сабақ жоспарына зерттеу жүргізілген еді. Өз кезегінде бұл зерттеудің нәтижесі тамаша болып, мектепте оқыған пәндерді университетте қайталамас үшін алып тастауға, сөйтіп университеттің оқу жоспарын оңтайландыруға мүмкіндік берді.

– Мұндай үшжылдық бағдарламаны біз бірінші рет қолданғалы отырмыз. Оның алғашқы нәтижесі жаман емес. Егер де әрі қарай да осылай тамаша нәтижелерге жететін болсақ, онда осы инновациялық білім беру моделін тұрақты түрде қолданатын боламыз. Келесі жылы да басқа интеллектуалды мектептерден келген түлектерге қолданамыз. Ең бастысы – мұның әрі қарай қалайша дамитыны сіздерге, сіздердің сабақ үлгерімдеріңізге байланысты. Ал мен бәрі де ойдағыдай болады деп сенемін, – деді Р. Искаков өз сөзінде.

Жеке білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебі 2008 жылы ашылып, техника саласында, басқару саласында жоғары дәрежелі мамандарды даярлауға бағытталған 12-жылдық бағдарлама бойынша білім береді. Мектептерде физика-математика және химия-биология пәндері тереңдетіліп оқытылады. Мұнда негізінен талантты, үздік балалар білім алады.

– Бұлар, шынымен де, өте талантты, ақылды балалар, – дейді рекрутинг департаментінің директоры Ақжан Өксікбаева. – Олар өздері таңдап алған мамандықтары жайлы бәрін дерлік біледі. Мектеп қабырғасында жүріп олар бағдарлама жасаумен әрі робототехникамен шұғылданғандары байқалып тұр. 12-сыныпта олар университет бағдарламасы бойынша өтетін базалық пәндердің барлығын оқыпты, сондықтан да олар үшін арнайы үшжылдық бағдарлама жасалды. Бұл студенттерге өз мамандықтары бойынша толығырақ білім алуға мүмкіндік береді.  

 

 

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту