15 ақпан 2024 3209

Сәтбаев Университетінде жер сілкінісіне төзімді құрылыс жөнінде халықаралық семинар-кеңес өтті

Сәтбаев Университетінде жер сілкінісіне төзімді құрылыс жөнінде халықаралық семинар-кеңес өтті

Сәтбаев Университетінде 2024 жылғы 12–13 ақпан аралығында «Ғимараттар мен құрылыстарды жер сілкіністерінен және басқа да динамикалық әсерлерден инженерлік қорғаудың заманауи әдістері» атты халықаралық практикалық семинар-кеңес өтті.

Семинарды Сәтбаев Университеті Еуразиялық сейсмология, сейсмикаға төзімді құрылыс және табиғи апаттардан қорғау қауымдастығымен, Ресей Федерациясы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің Орталық ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен (ОҒЗжЖИ, Мәскеу) бірлесіп ұйымдастырды.

Еуразия аумағында жуырда орын алған бірнеше күшті және жойқын жер сілкіністері сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан қалалар мен ауылдардың құрылыстарын сейсмикалық әсерлерден қорғау бүгінгі таңда өте өзекті мәселе екенін көрсетті. Семинарды ашып, сөз сөйлеген университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бахыт Жәутіков сейсмикалық жағдайларға төтеп бере алатын мықты әрі төзімді ғимараттар құрылысы Қазақстанның қалалары мен елді мекендерінің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Сәтбаев Университетінде жер сілкінісіне төзімді құрылыс жөнінде халықаралық семинар-кеңес өтті

«Ресей Құрылыс министрлігінің ОҒЗжЖИ» ФМБМ кешенді қала құрылысының қауіпсіздігі департаментінің жетекшісі және Eurasian SEISMO Association вице-президенті Рустам Ақбиев өз сөзінде сейсмикалық қауіпсіздікке мүдделі барлық елдердің бірлескен жұмысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетінін баса айтты.

– Eurasian SEISMO Association және осы семинарды өткізудегі негізгі мақсат – Еуразиялық ынтымақтастық форматы болып табылады. Біз қазір өте өзекті болып отырған жер сілкінісіне төзімді құрылыс бағытын әрі қарай бірлесіп жалғастыратын боламыз», – деді Рустам Ақбиев өз сөзінде.

Кеңестің тағы бір маңызды мақсаты – құрылысшы мамандарды ғимараттар мен құрылыстарды инженерлік сейсмикалық қорғаудың заманауи әдістерімен таныстыру, сондай-ақ Алматы мен Мәскеудің сейсмикаға төзімді құрылыс жөніндегі мектептері арасындағы шығармашылық ғылыми байланысты сақтап, оны келесі ұрпаққа жалғастыру болды.

Семинарға белгілі ғалымдар, вибро- және сейсмикалық оқшаулау жүйелерін өндіруші кәсіпорындардың басшылары мен мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттары мен магистранттары, сараптама және құрылысты қадағалау органдарының, ғылыми мекемелердің, жобалау, енгізу және құрылыс ұйымдарының мамандары, өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.

Ресей, Қазақстан, ТМД елдерінің халықаралық сарапшылары эксперименттік-теориялық зерттеулердің нәтижелерімен және жасаған жаңа сындарлы шешімдерімен, сейсмикалық оқшаулағыш жөніндегі сындарлы шешімдерді практикада қолдану тәжірибесімен бөлісті, сонымен қатар сейсмикалық төзімді құрылыс теориясы мен практикасын дамыту жөніндегі алдағы қадамдары туралы талқылады. Семинарда сөз сөйлеген ғалымдар тыңдаушылар арасында жер сілкінісіне төзімді құрылыс әдістерін меңгеруге және тәжірибеде қолдануға кәсіби қызығушылықты оятуға тырысты.

Семинар-кеңестің модераторы техника ғылымдарының докторы, халықаралық сарапшы, Eurasian SEISMO Association төралқасының мүшесі, ҚР ХИА және ҰИА корреспондент-мүшесі, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Миркен Абаканов болды.

Семинар-кеңестің нәтижелері Т.К. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры, сәулет докторы, МХСА академигі Болат Құспанғалиевтің басшылығымен қорытындыланды. Қатысушылар Т.Ж. Жүнісов атындағы «Жер сілкінісіне төзімді құрылысты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін тағайындауды ұйғарды және Сәтбаев Университеті мен Eurasian SEISMO Association арасында өзара ынтымақтастық қарым-қатынас бағдарламасын іске қосуға бастама көтерді. Бұл бағдарлама бірлесіп жүргізетін ғылыми зерттеулерді, семинарларды және инновацияларды енгізу жұмыстарын қамтитын болады.

Сондай-ақ осы ынтымақтастық байланыс аясында Сәтбаев Университетінде Eurasian SEISMO Association-ның қазақ бөлімшесі ашылады.

Сәтбаев Университетінде жер сілкінісіне төзімді құрылыс жөнінде халықаралық семинар-кеңес өтті

Ажыратымдылық

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту