Спорт клубы
17 спорттық үйірме
Сәтбаев университеті ел спортына өзінің зор үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, волейболдан Олимпиада чемпионы Валерий Кравченко, классикалық күрестен әлем чемпионы Владимир Бакулин, Эверест шыңын бағындырған Қазбек Валиев, альпинист Валерий Хрищатый, теннистен бірнеше дүркін чемпион атанған Егор Шалдунов осы университет қабырғасында оқып, білім алған.
Сәтбаев университетінің дене шынықтыру кафедрасы 1934 жылы құрылған. Университет студенттері мен түлектерінің спорттан биік-биік жетістіктерге жету дәстүрі сол кезден бастау алады. Оларға тәжірибелі мамандар үнемі қолдау көрсетіп отырады. Кафедраның алғашқы меңгерушісі П. Калифутов 30 жылдан астам қызмет етті. Ал әйгілі волейболшы Ж. Н. Саурамбаев кафедраның алғашқы профессоры атанып, оны 1988–2015 жылдары меңгерді.
Бүгінде кафедра студенттер назарына қазіргі заманғы воркаут негізінде дайындалған өте қызықты бағдарлама ұсынады. Спорттың бұл түрімен шұғылданған жастар денсаулығын мығымдап, кейбір күрделі дене қимылдарын үйренеді және дене бітімінің жақсаруын қадағалай алады. Бүкіл жыл бойына университетте осы спорт түрінен бірнеше шеберлік сағаттары мен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен көпшілік құрметіне ие болады.
Университеттің спорт клубы алғашқы күндерден бастап-ақ қызмет көрсетіп, көптеген студенттерге үлкен спортқа жол ашып берді. Жыл сайын университетте президенттік тест тапсыру аясында жарыстар өтеді. Оған студенттермен қатар профессор-оқытушылар құрамы да қатысып, өздерінің спортқа құмарлығын, бейімділігін танытады.
Сәтбаев университетінің 2019–2020 оқу жылына арналған спорт секцияларының кестесі