Ақпарат:

12 тамыз 2021 3010

12 тамыз – Халықаралық жастар күні: Биік белестерді бағындырып, заман көшінен қалмай самғай беріңіздер!

12 тамыз – Халықаралық жастар күні: Биік белестерді бағындырып, заман көшінен қалмай самғай беріңіздер!

Гузал Бахадирқызы Султанбаева

Гузал Бахадирқызы Султанбаева

Автоматтандыру және басқару мамандығының 4 курс студенті

Әр адамның мақсаты бар, мол мақсатқа жетудің түрлі себептері мен амалдары ең бастысы армандары бар.  Бұрынғы ОҚО, Түркістан қаласы №19 мектеп түлегімін. Бала кезімнен өз мүмкіндіктерімді кеңінен пайдаланып, жаңа заттарды зерттеп көруге талпынатын едім. Мектеп қабырғасында әртүрлі пәндік олимпиадалармен қатар қалалық, облыстық, мектепішілік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Сабақтан бөлек анамның қолдауымен шығармашылықпен айналысып, өлең жазып, қолөнер бұйымдарын жасап жүрдім. Дегенмен уақыт өте келе өмірге деген көзқарастарым өзгеріп, бұрынғы қиял-армандардың орнына, болашағыма деген  көзқарас, айқын мақсаттар пайда болды. 9 сыныпты қызыл аттестатқа бітірген кезде  «Өмірде кім боламын?», «Қай саланың маманы боламын?» деген сұрақтар санамнан кетпей қойды. Осылай техника мен технологиялар дамыған 21 ғасырда, заман талабынан қалмаймын деп шешім қабылдадым. Физика- математика пәндері бойынша дайындалып, ҰБТ-да жақсы көрсеткішке ие болдым. Менің алдымда енді ең үлкен таңдаулардың бірі, мамандық пен ЖОО таңдау  тұрды. Менің таңдауым еліміздің ең үздік техникалық оқу орындарының бірі Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ болды. Ал қазір,  таңдауымның дұрыс болғанына бір емес бірнеше рет  көзім  анық жетті. Себебі  университет тарапынан студенттерге барлық жағдай жасалынған. Осы төрт жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріммен бөлісе кетейін.

  • Қазақты қайта танытқан құнды дүние байқауы
  • Үздік қыз бала рөлі;
  • Халықаралық Сәтбаев оқулары-сертификат;
  • Phil Happy шарасы- ұйымдастыру үшін алғыс хат;
  • «Ер Едіге» дастанын жатқа айту- 2 орын;
  • Республикалық «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты вебинар-алғыс хат, диплом;
  • «Жеңіске тағзым» мәнерлеп оқу сайысы
  • Диплом 3 дәрежелі және т.б. жатақханааралық, университетішілік жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздім.

2 курста жатақхана студенттік кеңесінің құрамында болдым. Ал қазіргі уақытта Университетіміздің СМЖ департаментінде жұмыс жасап жүрмін. Сонымен қатар барлық бастауларыма қолдау көрсетіп, әрқашан демеу болатын анашым - Саида Таирқызы және дұрыс бағыт бағдар нұсқап, білім беріп жүрген Сәтбаев Университетінің  ұстаздарына алғысым шексіз!

Болашақта өз мамандығым бойынша жұмыс жасап, Тәуелсіз елімнің тәуелсіз азаматшасы ретінде  Туған жерімнің дамуына үлес қоссам деймін. Ал болашақ  талапкерлерге  «SU – мыңдаған мүмкіндіктер мен болашаққа деген жарқын көзқарас символы» деп айтар едім.

 

Сая Берікқызы Касенова

Сая Берікқызы Касенова

Кадастр және жерге орналастыру мамандығының 3 курс студенті

Алматы облысы, Іле ауданы Боралдай кентінің №39 гимназиясының 2019 жылғы түлегімін. Мектеп шағыма тоқталсам өте керемет өтті. Мектепте өзімді жан-жақты қырымнан танытып, әртүрлі аудандық, халықаралық олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болдым. Мектепті «Алтын белгіге» бітірдім. Мектеп бітіргеннен кейін менің алдымда өте маңызды шешім ЖОО  таңдау тұрды.  Таңдауым – Сәтбаев Университеті.   Себебі, бұл Қазақстандағы нөмірі бірінші халықаралық дәрежедегі Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті. Қазіргі таңда «кадастр және жерге орналастыру» мамандығының 3 курс студентімін. Мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдадым, себебі «кадастр және жерге орналастыру» мамандығы заман талабына орай сұранысқа ие мамандықтардың бірі.

Университетіме тоқталсам, білім сапасы  жоғары. Практикаға өте көп көңіл бөлінген. Жаңа технологиялармен жабдықталып озық үлгідегі құрылғыларды қолданып көруге, олармен жұмыс жасауға мүмкіндіктер жетерлік.   

Сонымен қатар Университетіміздің атмосферасы да керемет. Айналасы таза, әрі әсем, қаланың ортасында орналасқан. Жатақханасы да корпусқа жақын. Қарның ашса асханасы бар, шағын  болғанымен тағамдары өте дәмді. 

Қазіргі таңда Елбасымыз бен Президентіміз жастарға үлкен үміт артып отыр. Себебі, еліміздің болашағы – жастардың яғни біздің қолымызда. Сондықтан да, алдымда тұрған басты міндет, оқуымды жақсы аяқтап, елімнің дамуына өз үлесімді қосу. Ол мақсатқа  білікті ұстаздарымнан алған білімнің аясында жетемін деп ойлаймын.

 

 

Назымбекқызы Тілеужан

Назымбекқызы Тілеужан

Кадастр және жерге орналастыру  мамандығының 2 курс студенті

2003 жылы желтоқсан айының 1 күні Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында дүниеге келдім. Мектеп қабырғасында әр түрлі іс-шараларға белсене қатысып, мектебімнің үздік оқушыларының бірі болдым. Аудандық, облыстық пән олимпиадалары, сонымен қатар ғылыми жобалардың жеңімпазы атандым. Сол кездерде мен үшін ең қызықты пәндердің бірі –  балалық қызығушылығымды оятқан география пәні.  Мен үшін бір орында отырып жасайтын жұмыстар емес, ашық аспан астында, табиғатпен етене жақын жұмыстар өзіне тартып тұратын еді. Содан мен өзіме не керегін ұға бастадым. Бір қызығы сол қызығушылығым мектепті тәмәмдап, ҰБТ тапсырар уақыт жақындағанға дейін тек география пәнін таңдауыма себепкер болды. Ал адам өзі ұнатқан ісімен айналысса ешқашан шаршамайтыны сияқты менде бар ынта-ыждахаттылықпен дайындалып  94 балл жинадым. Армандаған мамандығыммен грантқа түсуге мүмкіндігімнің барына көзім жеткен соң, ойланбастан болашақ 4 жылымды өткізетін университет таңдауға кірістім.  Мамандығым бойынша ару да әсем  Алматы қаласындағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін таңдадым.

2020 жылы наурыз айында басталған пандемияның салдарынан онлайн форматында оқыдық.  Онлайн форматының қиындылығына қарамастан, біздің ұстаздарымыз – бәсекеге қабілетті мамандарды оқытып дайындау деген қағиданы ұстап, өз біліктіліктерін студенттері үшін аянып қалған жоқ. Сондықтан да  менің  Сәтбаев Университетіндегі ұстаздарыма  деген  алғысым шексіз. Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы – біздерміз! Мен Сәтбаев Университетінің  бақытты – Студентімін!

Аймаш Рауан Муслимұлы

Аймаш Рауан Муслимұлы

Автоматтандыру және басқару мамандығының 3 курс студенті

Сәтбаев Университетін таңдауым – бұл кәсіби болашағыңды дұрыс таңдау қоғамдағы өз орныңды танудың негізі. Мен студенттік өмірді бастамас бұрын, оқушы кезімнен атамның берген тәрбиесінің арқасында оқуды еңбекпен ұштастырып өстім. Ауыл жұмысы оңай емес,  арманым қалаға оқуға түсу. Бірақ ол да өз алдына оңай болмады. Себебі өзіне тән жұмыс таңдамаған адам, өмірде тек уақыт өтуін күтумен өтетінін түсіндім. 10-11 сыныпта ҰБТ-ға барынша дайындалдым. ҰБТ-ға 4 ай қалғанда барлық мамандықтарды зерттеп шығып өзіме ең жақын және болашақта сұранысқа қажет деген мамандықты таңдадым. Ал оқу орнын таңдау қиынға соқпады. Себебі ҚазҰТЗУ-де білім алып шыққан  отбасымызда  инженер маманы бар, ол менің атам. Сонымен қатар Қазақстандағы ең танымал техникалық оқу орны. Өз алдыма мақсат қойып  ҰБТ-ны сәтті тапсыру қалған еді. Бірақ  өкінішке орай аз балл жинадым, оның үстіне мен түсетін мамандық грант саны жағынан 2 есеге қысқарған екен. Шынымды айтсам басқа мамандыққа түскім келмеді. Тек өзімнің  армандап діттеген мамандығыма түсу. Оқуға түстім, отбасымызда барлығы әсіресе атамның қуанышында шек болмады. Себебі, атам отбасымызда тағы бір инженер мамандығының иесі боларына қуанды. Менің де мақсатым-  еліміздің  мықты инженері болу.

Автоматтандыру және басқару мамандығы туралы ерекше атап өткім келетіні - бұл креативті, ерекше және шығармашылық адамдарға арналған кеңістік. Студенттер бұл жерде  болашақ кәсіби қызмет үшін қажетті теориялық білім ғана емес, сонымен көптеген практикалық дағдыларды алады.  Жалпы, өз басым Сәтбаев Университетіне ризамын.  Университеттің оқу аудиториялары, кітапханалары, аурасы, өзіме қатты ұнайды.

Ел ертеңі, ұлт болашағы біз - бүгінгі күннің жастары. Сондықтан, елімнің патриоты ретінде Қазақстанның жарқын болашағы үшін ұстаздарымнан алған бар білімім мен күш-жігерімді жұмсап, еліміздің инженерия саласының дамуына өз үлесімді қосуға тырысамын, еліміздің болашағы жарқын болатындығына сенемін!

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту