Қазақстандық ғалымдар жаңа буын аккумуляторларға арналған жаңа композиттік материалды сынақтан өткізді
Қазақстандық ғалымдар электр энергиясын жинақтау құрылғыларында қолдануға арналып, MXene бойынша жоғары электрөткізгіштікке ие модификацияланған екіөлшемді наноматериалдарға зерттеулер мен сынақтар жүргізді.
Сәтбаев университетінің ғалымдары MXene-материалдарын алудың жаңа әдістерін, сондай-ақ оларды кремний мен белсендірілген көмірді қолдану арқылы модификациялау тәсілдерін сынақтан өткізді. Зерттеу барысында алынған композиттік материалдардың электрохимиялық сипаттамалары анықталып, олардың тиімділігіне салыстырмалы талдау жасалды.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа композиттік материал дәстүрлі белсендірілген көмірмен салыстырғанда жоғары меншікті сыйымдылыққа ие болып отыр.
«Біздің әзірлемеміз жаңа буын электрохимиялық энергия жинақтау құрылғыларының тиімділігін арттыруға мүмкіндіктер ашады», – деді жоба жетекшісі, PhD Калижан Шакенов.
Жоба аясында зертханалық сынақтардан өткен тәжірибелік үлгі жасалды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына университеттің магистранттары мен докторанттары белсенді түрде қатысуда.
Қазіргі уақытта жобаның жұмысы бағдарламалық қаржыландыру аясында жалғасуда. Келесі кезеңде ауқымды сынақтар өткізу және әзірлемені практика жүзінде қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.



