8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!
Құрметті әйелдер қауымы! Сіздерді көктемнің ең тамаша мейрамы – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің университетте әйелдер қауымының өкілдері ғылыммен де, ұстаздық қызметпен де, жоғары білікті мамандарды даярлау ісімен де шұғылданады. Біз Сіздердің шынайы таланттарыңызға, өз істеріңізге деген жоғары жауапкершіліктеріңізге таң қаламыз. Сөйте тұра, ең бастысы – ардақты ана, сүйікті әпке-қарындас, адал жар ретінде жаныңыздағы жандарға үнемі түсінушілікпен қарап, мейірім-шапағат сыйлап жүресіздер!
Сәтбаев университетінің қарыштап дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін, сол жолдағы тамаша ғылыми жетістіктеріңіз бен жоғары сенімдеріңіз үшін көктемнің осы шуақты мерекесі күні Сіздерге мол алғыс айтқым келеді. Бастаған әрбір істеріңізге әрқашан шабыт пен сәттілік тілеймін!
Көктем мерекесі аманшылық, махаббат пен бақыт сыйлап, шығармашылық шабыт пен игілікті істердің бастамасы болсын!
Игі тілекпен,
Сәтбаев университетінің
Ректоры Искандер Бейсембетов