«AI for Her»: Satbayev University және Women in Tech Kazakhstan әйелдерді цифрлық көшбасшылыққа шабыттандырады

Satbayev University және Women in Tech Kazakhstan қоры технологиялар мен инновациялар саласындағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және цифрлық дағдыларын дамыту мақсатында жаңа онлайн курсты – «AI for Her» – іске қосты.
Курс Women in Tech Kazakhstan сарапшылары тарапынан әзірленіп, Polytech Online білім беру платформасында орналастырылған. Бағдарлама жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен танысып, оны жеке тиімділік пен кәсіби өсу үшін қолданғысы келетіндердің барлығына тегін қолжетімді.
Бұл білім беру бастамасы Satbayev University мен Women in Tech Kazakhstan арасындағы Ынтымақтастық туралы Меморандумды жүзеге асырудың алғашқы нақты қадамдарының бірі болды. Аталған құжат гендерлік теңдік, әйелдер көшбасшылығын дамыту және тұрақты даму қағидаттарын жоғары білім жүйесіне енгізуге бағытталған ұзақ мерзімді серіктестіктің негізін қалады.
«AI for Her» курсы әйелдердің технологиялық салаға қатысуын арттыруға, мансаптық өсу үшін тең мүмкіндіктер жасауға және олардың инновациялық жобалар құруға деген шабытын күшейтуге бағытталған.
«Біз Satbayev University-ді болашақты қалыптастыратын әйелдер үшін тартылыс нүктесіне айналдырғымыз келеді – зертханалар мен кампустардан бастап, жаһандық конференциялар мен технологиялық жобаларға дейін», – деді Тұрақты даму мақсаттары мен инклюзивті білім беру офисінің жетекшісі Алия Жаксалыкова.
Women in Tech Kazakhstan ұйымымен серіктестік Satbayev University-дің ғылым мен технология салаларындағы әйелдерді қолдауға деген ұмтылысын білдіреді, сондай-ақ білім мен инновацияларды тең мүмкіндіктердің құралына айналдыруға бағытталған экожүйе құруға ықпал етеді.