Алматы қаласы бойынша тұңғыш университеттік емхана Сәтбаев Университетінде ашылды
Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күніне орай Сәтбаев Университетінде жаңа университеттік студенттік емхана ашылды. Бұл жоғары оқу орны жанынан Алматы қаласы бойынша тұңғыш рет ашылып отырған кішігірім медициналық мекеме. Медициналық орталыққа қазіргі заманға сай құрал-жабдықтар орнатылған, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсету пункті және күндізгі стационар бар. Олар өзара жасасқан ұжымдық шарт негізінде студенттер мен университет қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетеді.
Емханада 19 дәрігер қызмет көрсетеді. Олардың ішінде: терапевт, педиатр, отоларинголог, окулист, невропатолог, сондай-ақ психолог пен әлеуметтік орындар қызметкері бар. Яғни, студенттер алысқа бармай-ақ, университет қалашығы ішінде кешенді медициналық көмек алатын емхана болмақ.
2022 жылы сондай-ақ стоматологиялық кабинет ашу жоспарлануда. Алдағы уақытта медициналық орталықта амбулаториялық хирургия орталығын ашып, дәрігерлер науқас қызметкерлердің үйлеріне бара алуы үшін көлік сатып алу да жоспарланып отыр.
Университет қызметкерлері жұмыстан сұранбай-ақ, жұмыс уақытында медициналық көмек алып, емделе алады. Дәрігерлер өз тарапынан аурулардың алдын алумен айналысып, халықты спортпен шұғылдануға шақыруға мүмкіндік алады, Президенттік сынақтарға дайындық өткізіледі.
Алғашқы университеттік емхана – университет қызметкерлерінің денсаулығына қамқорлық жасау, сондай-ақ жоғары оқу орны төңірегінде ғылыммен және шығармашылықпен айналысуға ыңғайлы жағдай жасау жөніндегі үлкен жоспардың бір бөлігі болып табылады.