Алматылық ғалымдар ауыз суды тазартатын және өңдейтін қондырғы ойлап тапты

Сәтбаев университетінің ғалымдары ауыз суды бір мезгілде тазартатын, белсендіретін, әрі зарарсыздандыратын көпфункционалды, көпсатылы құрылғы әзірлеп шығарды. Қазіргі таңда судың өнеркәсіптік өндіріске дайын тәжірибелік үлгісі ұсынылды.
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, соның ішінде шалғай елді мекендерде де, мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы қызметкерлеріне арнаған сөзінде былай деп атап өтті: «Су экономикаға, экологияға, ұлт денсаулығына және жалпы өмірдің барлық саласына айрықша әсер етеді. Сондықтан судың таза әрі әрбір адамға қолжетімді болуы өте маңызды».
Сәтбаев университеті ғалымдарының әзірлемелері жаңа технологияларды тәжірибеге енгізуге және елдегі су қауіпсіздігі саласындағы маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта инженер-эколог, PhD докторы Үмбетәлі Сарсембиннің жетекшілігмен «АкваКөз» деп аталатын көпфункционалды құрылғы жасалды, ол ауыз суды көпсатылы өңдеуге арналған.
«Аквакөз» қондырғысының ерекшелігі – судың табиғи минералдық құрамын сақтай отырып тазартады. Бұл құрылғы суды тазартып қана қоймай, адамның денсаулығын нығайтып, ұзақ өмір сүруге ықпал етеді. Қондырғыдан өткен судың қышқылды-тотықсыздану потенциалы –130-дан –150 мВ-қа дейін жетеді, бұл көрсеткіш судың биоактивті екенін көрсетеді. Сонымен қатар судың pH деңгейі 7,4-ке тең болады.
«Біздің технологиямыз үш сатылы жүйеге негізделген: алдымен фильтрация мен сорбция арқылы механикалық және органикалық қоспалар жойылады, кейін озондау процесі микроағзаларды жойып, суға антиоксиданттық қасиет береді, ал соңғы кезеңде ауыр металдар мен қалған ластаушы заттар толығымен алынады. Нәтижесінде – металдардан, вирустар мен бактериялардан таза, қауіпсіз ауыз су алынады», – деді Үмбетәлі Сарсембин.
Жоба Қазақстан Республикасының Ғылым қоры мен бизнес қауымдастықтың қолдауымен жүзеге асырылды. Жаңа қондырғыны тұрғын үйлерде, ауылдық елді мекендерде, медициналық мекемелерде, тамақ өнеркәсібінде және төтенше жағдайларда қолдануға болады.