Арал – қайта жаңғыру нүктесі іспетті: ғылыми жоба өңір мен халықаралық қауымдастықты біріктірді
Сәтбаев университетінде соңғы жылдардағы ең маңызды ғылыми-экологиялық жобалардың бірі – «Арал» геопаркін құру жұмысы жалғасуда. Бұл жоба бүгінгі таңда халықаралық деңгейге шығып, ЮНЕСКО-ның жаһандық желісіне енгізілуге үміткер болып отыр. Ғалымдардың бастамасымен қолға алынып, мемлекеттік және халықаралық серіктестер тарапынан қолдау тапқан жоба тек ғылыми бастама ғана емес, сонымен қатар Арал өңірін қайта жаңғыртудың символына айналып отыр.
Геопарк тарихы 2018 жылғы далалық мектеп барысында басталды, сол кезде өңірдің бірегей геологиялық және мәдени мұрасын сақтау идеясы алғаш рет ұсынылған еді. Бүгінде бұл – ғалымдарды, университеттерді, мектеп оқушыларын, жергілікті қауымдастықтар мен мемлекеттік органдарды біріктірген ауқымды жоба. 2024 жылы жоба Аралды құтқару халықаралық қорының, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімдігінің институционалдық қолдауына ие болды.
Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстары болды. 2024 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының қызметкерлері Арал өңірі геологиялық мұраларының нысандарын толықтай түгендеді. 2025 жылы Арал қаласында Ресей, Германия, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келген 80-нен астам сарапшының қатысуымен халықаралық конференция өтті. Онда аталған аймақтың жаһандық маңызы және оны сақтау қажеттілігі расталды.
Сол жылдың жазында «GeoAral-2025» халықаралық экспедициясы өтті. Оған геология-минералогия ғылымдарының докторы Саида Нигматова, биология ғылымдарының кандидаты, палеонтолог Болат Байшашов, палеонтолог Татьяна Пирогова, Сәтбаев университетінің профессоры Алма Бекботаева, ЮНЕСКО-ның «Янгантау» жаһандық геопаркі өкілі Айрат Галиев, ММУ-нің Тәжікстандағы филиалының профессоры Фарид Салихов және басқа да зерттеушілер қатысты. Ғылыми зерттеулер пәнаралық сипатта жүргізілді, әрі ол өңір туралы кешенді түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижесінде «Арал» геопаркі Қазақстанның туристік картасына енгізілді, ал қараша айында ЮНЕСКО-ның Global Geoparks Network өкілдері жобаға қызығушылық танытқанын растады.
Жоба XX ғасырдағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі – Арал теңізінің тағдыры контексінде ерекше маңызға ие болды. Теңіздің тартылуы климаттың өзгеруіне, дәстүрлі экономиканың күйреуіне және жүздеген мың адамның өміріне әсер етті. Қазақстан үшін Арал – тек қасірет қана емес, сонымен қатар табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау керектігінің маңызды сабағы, экологиялық жадының символы және тұрақты дамудың қажеттілігін көрсететін белгі.
«Арал» геопаркін құру ғылыми жоба шеңберінен әлдеқайда кең ұғымды қамтиды. Бұл – өңірдің өткенін қайта пайымдап, оның болашағын ғылым мен білім және тұрақты экономика арқылы қайта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Өңірді қайта жаңғырту жұмысына әкімдіктер, білім беру ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер тартылып отыр. Геопарк бүгінде бүкіл облыстың ортақ ісіне айналды.
Ал Сәтбаев университетінің бұл жобаға қатысуы – оның елдегі жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Университет жаһандық деңгейдегі жобаларды бастамалап, жүзеге асыра алатын әлеуетке ие екенін көрсетті. Университет ғылымы тұрақты өзгерістердің қозғаушы күшіне айнала алатынын осы «Арал» геопаркі жобасы айқын көрсетті: ол өңірлерді, елдерді және халықаралық ұйымдарды ортақ мақсатқа – мұраны сақтау және болашақты құру жолына жұмылдыра білді.



