«Арманда! Еңбектен! Жетістікке жет!» атты жастар форумы өтті
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және «1 наурыз – Алғыс айту күні» аясында, сондай-ақ Жастар жылына орай «Арманда! Еңбектен! Жетістікке жет!» атты жастар форумы өтті.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемелденуіміздің платформасы болып табылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жастар тәрбиесіндегі орны өте зор. Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп атауының себебі де осы болмақ. Жастар – бүгініміз бен болашағымыздың алтын діңгегі. Ал жастарды қолдау – ел дамуына қосқан инвестиция. Жастар форумының басты мақсаты да – арман қуып, мақсатына жету үшін еңбек еткен, нәтижесінде жетістікке жеткен, еліміз бен университетіміздің абыройын арқалап жүрген көшбасшы жастарымызға қолдау көрсету болатын.
Ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман Әлиқызы форумның бас қонағы болса, университетіміздің түлектері, студенттік ұйымдардың белсенділері болған – «МузАрт лайф» жобасының финалисі, танымал әнші Қосқанат Көпжасар, жас әнші Мәди Мырзабек пен КТК ойындарының үздіктері Сағынұлы Алмас пен Санжар, қазіргі Студенттік кәсіподақ төрағасы Азамат Құмарбеков, Студенттер шығармашылығы орталығының белсендісі Қажымұқан Қалиев пен Студенттік кеңес төрағасы Тасқұл Әкім өз тәжірибе-ойларымен бөлісті.
Форум барысында Студенттік мәселелер жөніндегі департамент директоры Айгерім Аубакирова пәндік олимпиадалар мен халықаралық конференцияларда үздік білімдері және ұшқыр ойларымен жетістікке жетіп жүрген талантты студенттерімізге, Елбасы мен университет бастамаларына зор белсенділік танытып жүрген, сонымен қатар спорттық жарыстарда туымызды көкке көтеріп, жеңімпаз атанған еліміздің патриот жастарына алғыс білдірді. Әр баланың жетістігі – анасының махаббаты мен мейірімділігі, қамқорлығы мен еңбегінің жемісі. Алғыс айту күніне орай белсенді жастарымыздың болашақ тағдырына ет жүрегі елжіреп, тілекші болып жүрген, аяулы аналарына Алғыс хат жолданды.