14 желтоқсан 2017 384

Asia Waters-тен Enactus Kazakhstan шәкіртақысын SU студенті жеңіп алды

Asia Waters-тен Enactus Kazakhstan шәкіртақысын SU студенті жеңіп алды

Сәтбаев университетінің 4-курс студенті Батырхан Тұрғанбаев жеңіп алған аталмыш шәкіртақы оның оқуының ақысын толық жабады. Студенттік Enactus қауымдастығының бұрынғы президенті Asia Waters компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған Enactus Kazakhstan байқауына қатысып, студенттер мен эдвайзерлерге арналған дүниежүзілік ең жоғары шәкіртақының иегері атанды. Бұл байқауға қатысу үшін Батырхан «Enactus менің өмірімде» атты қысқаша бейнебаян түсіріп, қажетті құжаттар мен өз жетістіктерін дәріптейтін кепілдемелік хат жіберген болатын. Осы жеңіске қалайша қол жеткізгені туралы Батырхан былайша баяндап берді.

«Осыдан екі жыл бұрын мен Enactus ҚазҰТУ студенттік ұйымының президенті болып сайландым. Сол кезде осы байқау жарияланған болатын. «Оған неге қатыспасқа?» деп ойладым. Оның үстіне мен университетте ақылы негізде оқитындықтан, басқа студенттердің: «Стипендия түсті!» деген қуаныштарына үнемі қызығатынмын. Міне, осының бәрі маған байқауға қатысуға ынта-жігер берді.

Сөйтіп, мен өзімнің қатысуыммен қысқаша бейнебаян түсіріп, онда Enactus туралы айтып беруді жөн көрдім. Әрине, алғашында камераға қарап сөйлеу қиын болды: бірде айтар сөзіңді ұмытып қаласың, бірде дауысың келмей қалады. Әйтеуір артынан бәрі ойымыздағыдай болып шықты. Enactus-тың қазіргі президенті Дамир сол кезде менің операторым болып, маған зор қолдау көрсетті.

Enactus Қазақстан халықаралық студенттік ұйымында талай жыл еңбек еткен мол тәжірибем менің жеңіске жетуіме сүбелі үлес қосты деп ойлаймын. Сондықтан да менің жетістіктерім жайлы кепілдемелік хат жазып берген университеттегі Enactus командасының эдвайзеріне, институт директоры мен кафедра меңгерушісіне зор алғысымды білдіремін! 

Сондай-ақ Enactus SU командасының эдвайзері Арслан Қаттабеков те маған Коммерциализациялау кеңсенінен қажетті құжаттарды жинастыруға және бейнебаян түсіруге көп көмек көрсетті. Жалпы, менің осы жобаға қатысып, жеңіске жетуіме септігін тигізген баршаңызға алғысым шексіз!» – дейді ол.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту