Асқар Сыздықов – Сәтбаев Университеті Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры
2018 жылдың 1 маусымы күні Қ. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының ұжымын жаңа директор Сыздықов Асқар Хамзаұлымен таныстыру рәсімі өтті. Жаңа басшы бұрынғы директор Алма Бекботаеваның жұмысын өте жоғары бағалап, атап өтсе, Академиялық жұмыстар жөніндегі проректор Ринат Искаков Алма Анарбекқызына тамаша еңбегі үшін университет басшылығы атынан алғыс білдірді.
«Институт қабырғасында осыған дейін қалыптасқан дәстүрлерді, жетістіктер мен тәжірибелерді мен өз қызметімде үнемі басшылыққа алып отырамын, өйткені ол потенциалды талай жылдар бойы біздің құрметті ұстаздарымыз, республикаға еңбегі сіңген инженерлер мен атақты ғалымдар қалыптастырды. Оның үстіне қазіргі жас ғалымдардың сіңіріп жүрген еңбектері де елеусіз қалмайды. Менің міндетім – сол дәстүрлерді тоғыстырып, біріктіріп, университеттің алдында тұрған үлкен міндеттерді шешуге бағыттау», – деп атап өтті Асқар Сыздықов өз сөзінде.
Сыздықов Асқар Хамзаұлы – PhD докторы, профессор, жан-жақты білімді әрі тәжірибесі мол мұнайшы-мамандардың бірі. Ол 40-тан астам ғылыми еңбектер мен ғылыми жаңалықтардың авторы. Алмазды бұрғылау саптамасына арналған ғылыми еңбегі үшін ғалым сонау КСРО заманында авторлық куәлік алып, АҚШ, Швеция, Канада, Жапония, ГДР мен ГФР елдерінің патенттеріне ие болған. Оның бұл жаңалығы Кабардин-Балкар алмазды құрал-сайман зауытында біртіпдеп ендіріске енгізілген болатын.
1992 жылдан 2002 жылға дейін Асқар Сыздықов геология және мұнай-газ саласы бойынша әртүрлі өндірістік және бизнес құрылымдарда еңбек етті. 2003 жылдан 2017 жылға дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды. Ол – ҚР Жер қойнауының құрметті барлаушы, ҚР Мұнай-газ саласының құрметті қызметкері, «Мұнай және газ» журналының редколлегия мүшесі.