Әскери іс институтында Жеңіс күніне арналған спорттық мереке өтті
Үстіміздегі жылы 6 мамыр күні Сәтбаев университетінің Әскери іс институты 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған әскери-спорттық мереке өткізді.
Әскери мереке басталар алдында жеке құрам сапқа тұрғызылып, Әскери іс институтының бастығы, запастағы полковник Б. Б. Қайнарбаев осы іс-шараға қатысқан Сәтбаев университетінің ректоры аппаратының басшысы Б.Х.Мұхтыбаевқа іс-шараны өткізуге дайындығы туралы тиісті рапорт берді. Одан кейін салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, Мемлекеттік Туымыз көк аспанда желбіреді.
Алғаш құттықтау сөз алған Б.Х.Мұхтыбаев қатысушыларға аталмыш іс-шараның маңызы туралы айта келіп, әскери мерекені ашық деп жариялады.
Әскери қызмет жастардың дене шынықтыру дайындығының жоғары деңгейін талап етеді. Сондықтан да Әскери іс институты дене тәрбиесі мен жастардың әскери дайындығына баса назар аударады, ал спорттық-бұқаралық іс-шараларды жиі-жиі ұйымдастыру студенттерді әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеудің негізі деп біледі.
Жарыс бағдарламасы екі кезеңнен тұрды: оған әскери-қолданбалы спорт түрлері мен күш жаттығулары кірді. Әскер тектері мен түрлерінің Әскери кафедрамен өзара қарым-қатынастық байланысы шеңберінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері десанттық-шабуылшы бригадасының әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті.
Спорттық іс-шаралар аяқталғаннан кейін төрешілер алқасы жарыстың нәтижелерін қорытындылады. Жалпыкомандалық жүлделі орындар әскери-спорттық мереке кезеңдерінде жинаған баллдардың ең көп саны бойынша анықталды. Жеңімпаз командаларға кубоктар мен медальдар табыс етілді. Қалған қатысушылар естелік сыйлықтармен, дипломдармен және грамоталармен марапатталды.
Әскери іс институтының мерекелік іс-шараларына Әскери кафедраның оқытушылары мен студенттері және арнайы шақырылған ардагерлер мен құрметті қонақтар қатысты.