Астана қаласында Сәтбаев университетінің жаңа кампусы салтанатты түрде ашылды
Астана қаласында Сәтбаев университетінің жаңа кампусы салтанатты түрде ашылды. Кафедра филиалы инженерлік білімнің, ғылым мен инновациялардың орталығына айналмақ, ол академиялық дайындықты, ғылыми зерттеулер мен индустрияны біріктіреді.
Өзінің тоқсан жылдан астам тарихында Сәтбаев университеті 160 мыңнан астам инженерлерді даярлап шығарды. Олар экономиканың қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп секторында Қазақстанның индустриялануына, энергетиканың, геология мен машина жасау салаларының дамуына зор үлес қосып келеді.
Қазақстанның тұңғыш ұлттық техникалық зерттеу университетінің Астана қаласында ашылған инженерлік кампусы еліміздің солтүстік аймақтарына қажетті инженерлердің жаңа буынын даярлайтын болады.
Жобаға Астана қаласының әкімдігі қала әкімі Жеңіс Қасымбектің басшылығымен белсенді түрде қолдау көрсетті және ол Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жетекшілігімен жүзеге асырылды.
Сәтбаев университетінің жаңа инженерлік кампусы өнімді ғылыми-білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында заманауи аддитивті технологиялардың, робототехника, энергетика және машина жасау ісінің зертханаларымен, коворкингтермен және ыңғайлы зерттеу кеңістіктерімен жабдықталған. Оқу процесі Сәтбаев университетінің академиялық стандарттарына сәйкес, индустриялық серіктестер мен жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып құрастырылған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білім экономикасына көшу жағдайында біздің елімізге кәсіби білікті инженерлер, техникалық мамандықтар бойынша өз ісінің шеберлері өте қажет. «Біздің мамандарымыз жаһандық бәсекелестікке төтеп бере алатындай білімді әрі білікті болулары тиіс», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Сәтбаев университеті инженерлер даярлау жөніндегі білім бағдарламаларын үнемі жаңартып, студенттерді тек жоғары технологияларды қолдануға ғана емес, сонымен қатар оларды жасауға да үйретуді көздейді. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова кампустың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде былай деп атап өтті: «Астанада Сәтбаев университеті жаңа кампусының ашылуы – жоғары білім беру жүйесінің кеңеюінің, оның уақыт талабына жауап беруге және Қазақстанның орталық өңірі экономикасына қажетті кадрларды даярлауға ұмтылуының тағы бір нышаны болып отыр».
Сәтбаев университетінің білім беру кеңістігін кеңейту елімізде қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік орталықтары мен университеттің өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – білім мен ғылымды және индустрияны біріктіре отырып, болашақтың инженері болуға ұмтылған әрбір адам үшін техникалық білімді қолжетімді ету», – деп атап өтті Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Қазақстан инженерлік мектебінің дәстүрлері университетте академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оның бастамасымен және тікелей қолдауымен құрылған Қазақ политехникалық институты, қазіргі Сәтбаев университеті, еліміздің өнеркәсіптік аймақтарында көптеген техникалық жоғары оқу орындарының ашылуына негіз болды.
«Сәтбаев университеті жаңа кампусының ашылуы –Қаныш Сәтбаев негізін қалап кеткен дәстүрлердің жалғасы болып табылады, ғұламаның ойынша, ғалымдар мен инженерлер халыққа қызмет етуі тиіс», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты Бақылау кеңесінің төрағасы Теміртай Избастин.
Сәтбаев университеті ғылым мен білім беруді дамытудың ашық үлгісін белсенді түрде енгізіп, әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып келеді. Биыл екі жүзден астам студент пен оқытушы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқуға және жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Атап айтқанда: Penn State, University of Glasgow, University of Lorraine, University of Exeter, City University of Hong Kong, Баку мемлекеттік университеті, NFSU, China University of Petroleum.
Сәтбаев университеті жаңа кампусының ашылуына серіктес университеттер өкілдерінің қатысуы олардың Қазақстанда жаңа инженерлік ой орталығын қалыптастыруға деген қызығушылығын айғақтайды.
Сәтбаев университетінің негізгі серіктесі болып табылатын City University of Hong Kong делегациясын таланттарды дамыту және халықаралық стратегия жөніндегі вице-президенті Вен Ли басқарып келді. Ол ғалымдар мен жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы жаһандық білім беру нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін және жоғары технологияларды дамыту үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Кампустың ашылу рәсіміне қатысқан қазақстандық серіктес ұйымдардың тізімі: Қазақстан машина жасаушылар одағы, Ұлттық қорғаныс университеті, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, «ҚазМұнайГаз» компаниясы, «Қазақмыс» корпорациясы, Allur, Alageum Electric, RHINO CENTRALASIA, Астана электротехникалық зауыты, Геология және минералдық ресурстар экономикасы институты, ADAM manufacturing, ИНКАР-I, Kazecotech, QSM Resources, ҚазСтандарт.
Ашылу рәсімі күні кампус аумағында Қазақстанның бірқатар кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды, атап айтқанда, Астанадағы жаңа білім беру мекемесінің тұрақты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыратын электротехника өнеркәсібі саласындағы компаниялар бар. Олардың қатарында: Alageum Electric, Астана электротехникалық зауыты, LocosystemsKZ, «Плюс Один» қайырымдылық қоры бар.



