Ақпарат:

31 қаңтар 2025 1429

Балқашта Сәтбаев университеті ғалымдарының бірегей технологиясы бойынша шикі селеннің бірінші партиясы өндірілді

Балқашта Сәтбаев университеті ғалымдарының бірегей технологиясы бойынша шикі селеннің бірінші партиясы өндірілді

Балқашта техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің жетекшілігімен Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдар тобы әзірлеген бірегей технология бойынша шикі селеннің алғашқы партиясы өндірілді.

Бұл Қазақстанда вакуумды дистилляция әдісін қолдана отырып шығарылған алғашқы өнеркәсіптік өнім. Бұл экологиялық таза технология құрамында негізінен 99,5%-дан асатын таза өнім бар селен алуға және селеннің әлемдік нарықтағы құнын 30-дан 97%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Техникалық СТ-1 маркалы селеннің 100 тонналық бірінші партиясы 2025 жылдың алғашқы күндерінде «Қазақмыс Прогресс» компаниясының селенді тазарту және оның қалдықтарын қайта өңдеу цехында шығарылды.  Бұл жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Селен өндіруде жаңа әдістің ерекшелігі неде?

Вакуумды дистилляция әдісі селенді реагенттерсіз тазартудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, бұл тазарту процесін арзандатып, оны экологиялық қауіпсіз етеді. Осының арқасында әлемдік түсті металдар нарығының талаптарына сәйкес келетін өнім шығаруға мүмкіндік беруші бірегей қондырғының жұмысы игерілді.

«Қазақмыс» кәсіпорындарында шикі селен өндіру тарихы

Бұл жобаның тарихы 2017–2018 жылдары «Қазақмыс Смэлтинг» компаниясының асыл металдар цехындағы тазарту учаскесінің газ тазалау жүйесін жаңғыртудан басталды. Бұл шикі селен өндіруді жылына 60 тоннадан 100 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, сөйтіп өңдіру ісін экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді етті.

Ал бағалы металдар өндірісінде қосымша өнім ретінде өндірілетін шикі селенді тазарту жобасы 2020 жылы Балқаш өнеркәсіп алаңында басталды. 2022 жылы жаңа өндіріс орны іске қосылды, ал 2023 жылы оның өнеркәсіптік жұмысы басталды.

Жобаның құндылығы неде?

Еске сала кетейік, бұл технология туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. Оның айтуынша, селен көптеген жоғары технологиялық салалар үшін қажетті өте маңызды элемент болып табылады.

Бүгінгі таңда селен күн батареялары, көшіру аппараттары, әйнек, керамика өндірісінде, сондай-ақ медицина мен химия өнеркәсібінде қолданылады. Балқаштағы жаңа өндіріс алаңының іске қосылуы Қазақстан мен «Қазақмыс» компаниясының әлемдік түсті металдар нарығындағы экономикалық позицияларын нығайтуға жол ашады.

Қайта өңделетін шикізаттың жылдық жоспарлы көлемі – 75 тонна шикі селен және 1200 тонна асыл металл қалдықтары болады деп күтілуде.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту