«Биоалуантүрлілікті сақтайық»: Сәтбаев Университетінде экологиялық кездесу
Сәтбаев Университетінде «Биоалуантүрлілікті сақтайық» бастамасы аясында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркінің мамандарымен кездесу ұйымдастырылды. Шара экология мен табиғатты қорғауға қызығушылық танытқан студенттерді жинап, жылы және пайдалы атмосферада өтті.
Кездесуде парктің ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы Турсымбай Калима мен туризм инженері Сайлаукенова Перизат экожүйелерді сақтаудың маңыздылығы, ұлттық парк бастамалары және студенттердің экологиялық жобаларға қатысу мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.
Кездесу соңында сөз кезегі Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдарына берілді: докторант, энтомолог Ғалымжан Ислам экожүйедегі тозаңдандырушы жәндіктердің рөлі жайлы баяндаса, биология факультетінің студенті Жамбасбай Сымбат «Aralap» атты жаңа жобаны таныстырды. Спикерлер студенттерді еріктілер клубына қосылып, ағаш отырғызуға, экологиялық сенбіліктерге қатысуға, сирек кездесетін флора мен фауна түрлерін қорғауға, сондай-ақ табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін насихаттауға шақырды.
Әсіресе, әркім өзі бақылаған табиғи құбылыстарды тіркей алатын және арнайы білімсіз-ақ ғылыми зерттеулерге үлес қоса алатын азаматтық ғылым платформасы Aralap.kz ерекше назар аудартты.



