Бір орынға сегіз адам...
Сәтбаев университетінің бұрынғы қызметкері жатақханадан босатқан бір секцияға 8 студент орналасып, қуаныштан мәз-мейрам болып қоныс тойын тойлауда. Бұл 9 қыркүйек күні болған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Төле би көшесі, 124 үйде орналасқан № 5 жатақханада әлі күнге дейін бұрынғы қызметкерлерден 50 шақты отбасы студенттерге бөлінетін орындарда заңсыз түрде тұрып жатыр. Соның кесірінен қазір университет 250 шақты бірінші курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл заң бұзушылықтар бұған дейін де қоғамда үлкен дау тудырған болатын.
Енді, міне, ақпарат құралдарының қатысуымен сот шешімдері орындалып, жатақханада бір секцияны иемденіп отырған бұрынғы 1 қызметкер орнын босатқаннан кейін, оның орнына 8 студент: 4 жігіт, 4 қыз бала көшіп келді – Таңшолпан Мәдәлi, Ақтоты Махсот, Эльвира Қанат, Ақмарал Сұлтанова және Қайырхан Жабақ, Жандос Мейрам, Бірлік Мелс, Мейірлан Ыбрахым. Олар Қазақстанның әр қалаларынан келген қыз-жігіттер, әрқайсысы көп балалы немесе қаржылық қиыншылықтарға, басқа да әлеуметтік жағдайларға тап болып отырған отбасынан. Жатақханадан орын алу олар үшін бұрын қол жетпес арман сияқты көрінетін.
– Бізге жатақханадан орын бергені үшін университет басшылығына алғысымыз шексіз. Жатақхана өте қолайлы жерде орналасқан: қаланың ортасында, оқу орнына да жақын. Біз үшін қазір барлық жағдайлар жасалған, енді оқуды жақсы оқимыз деп ойлаймыз, – деді қуаныштарымен бөліскен қыз-жігіттер.
Сәтбаев университетінің басшылығы өз кезегінде жатақханада заңсыз тұрып жатқан тұрғындар заң жүзінде орындарын босатып, олардың орнына студенттерді орналастыру шаралары әлі де болса жүре беретінін айтты.
Анықтама: Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын университет бұл жатақханаға өз қызметкерлерін уақытша орналастырған болатын. Қазір енді ол қызметкерлер жұмыстан шығып кеткеннен кейін, уақытша тұрған жерлерін босатудан бас тартып, заңды аяққа басып отыр. Үстіміздегі жылы 21 тамызда сол жатақханаға студенттерді орналастыру керек еді, алайда заңсыз тұрғындар жатақханаға ешкімді жолатпай, студенттердің кіріп-шығуына кедергі келтірді.