Болашаққа жаңа қадам: Сәтбаев университетіндегі Француз орталығы инженерлік білім мен жасыл энергетиканың жаңа көкжиектерін ашуда
Сәтбаев университетінде халықаралық білім беру және мәдени ынтымақтастықты дамыту аясында құрылған Француз орталығының ресми ашылуы салтанатты түрде өтті. Салтанатты рәсімге университет ректоры Мейрам Бегентаев, Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге мырза және TotalEnergies Renouvelables компаниясының бас директоры Тьерри Плезан қатысты.
Жиын барысында университет ректоры Мейрам Бегентаев француз серіктестермен ынтымақтастық қарым-қатынастың өте маңызды екенін атап өтіп, Сәтбаев университеті мен Université de Lorraine арасында «Жел турбиналарын пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету» бағыты бойынша бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасының іске қосылғанын жариялады.
«Біз сіздермен бірге болашаққа жаңа қадам басып отырмыз, – деді ректор. – Сәтбаев университетінің Француз орталығы – Қазақстан мен Франция арасындағы жаңа көпір. Бұл орталық студенттерімізге Францияның жетекші инженерлік мектептері мен зерттеу орталықтарына жол ашады. «Жел турбиналарын пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету» – бұл жай ғана жаңа мамандық емес, бұл – тұрақты болашаққа жасалған қадам!».
Жаңа білім беру бағдарламасы TotalEnergies Renouvelables компаниясының тапсырысы бойынша жүзеге асырылады, ол жасыл энергетика саласына қажетті инженерлер даярлауға бағытталған. Сәтбаев университеті 2027 жылдан бастап жыл сайын 14 студент оқытуды бастайды. Студенттер алғашқы 3 жылды Алматыда оқып, 4-курсты Метц қаласындағы Лотарингия университетінің кампусында жалғастырады, әрі TotalEnergies компаниясының энергетикалық кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқуды аяқтағаннан кейін инженерлер TotalEnergies компаниясына жұмысқа орналастырылып, Қазақстандағы ең ірі «Мирный» жел электр станциясындағы жел генераторларына қызмет көрсетеді. Аталмыш электр станциясы бүгінде шамамен 1 миллион қазақстандықтың, соның ішінде шалғай ауылдық аймақтар тұрғындарының энергия қажеттілігін қамтамасыз етуге қауқарлы болып отыр.
Француз делегациясының Сәтбаев университетіне жасаған сапары аясында университет басшылығы мен француз тарапы өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында болашақ серіктестік қарым-қатынастың негізгі бағыттары талқыланды, соның ішінде Францияның Grenoble INP – Phelma атты жетекші инженерлік жоғары мектебімен ынтымақтастықты кеңейту туралы жоспары қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмысты кеңейту экологиялық таза энергия өндіру әдістеріне бағытталған энергетикалық көшудің ұзақмерзімді стратегиясына жасалған маңызды қадам болмақ.
Француз орталығы өзара академиялық алмасуды, бірлескен зерттеулерді дамытуға және халықаралық деңгейдегі жоғары білікті инженер кадрларын даярлауға арналған тұрақты алаңға айналып, тұрақты энергетика мен технологиялық инновациялар саласындағы қазақстан-француз ынтымақтастығының берік негізін қалыптастырады.



