Досым Сүлеев – жаңа қызметте
2018 жылдың 26 ақпанында еліміздің көрнекті қайраткері, кеңестік және қазақстандық белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик Досым Сүлеевтің Сейсмология институтының директорлық лауазымына тағайындалуына арналған ресми салтанат болып өтті.
Досым Сүлеев 2003 жылдан бастап ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жер ғылымдары бөліміне басшылық етіп келді, сонымен қатар ол Сәтбаев университетінің Құрметті ректоры атанған болатын.
«Мен сейсмология саласының тікелей маманы емеспін. Менің ұстанған ғылыми бағытым – адам өмірі қызметінің қауіпсіздігі. Соңғы 15 жыл бойы мен Ұлттық ғылым академиясының Жер ғылымдары бөліміне басшылық еттім, ал сейсмология бағыты осы бөлімге қарайды. Сондықтан сырттан келген адам ретінде мен осы саланың зор келешегі бар екенін аңғардым. Біріншіден, кез келген мәселені объективті түрде шешуге тырысамын. Ешкім де маған қысым көрсетпейтін болады. Әрине, әріптестерімнің кеңесіне де құлақ саламын, десек те, кез келген шешімді өзім жекеше қабылдайтын боламын. Ең бастысы – Институт ұжымының қызметін дұрыс жолға қойып, ыңғайлы жұмыс жағдайын қалыптастыру. Әрбір қызметкер тек қана өзінің тікелей міндеттерін орындауға тиіс. Міне, осының бәрі бір қалыпқа келген күні Институт директоры лауазымына басқа бір білікті жас маманды, біздің ісімізді одан әрі жалғастыра білетін жігерлі, жұмысына мығым әрі тиянақты геофизик маманды тағайындауын сұрап, басшылыққа мен өзім-ақ барамын», – деді Досым Сүлеев өз сөзінде.
Ал Сейсмология институтының баспасөз қызметі өз кезегінде Д. Сүлеев неліктен директор лауазымға тағайындалғаны жөнінде түсініктеме берді.
«Дәл қазіргі сәтте Институт басшылығына тәжірибесі мол менеджердің қажет екені белгілі. Жер сілкінісі қаупі кезінде шығындардың өте төмен болу мүмкіндігін қамтамасыз ете алатын маманның керектігі – уақыт талабынан туған қажеттілік. Міне, осы мақсатпен Институт басшылығы Досым Сүлеевке іскер маман ретінде қолқа салды. Ол – ғылым саласындағы өте абыройлы да атақты тұлға, әрі мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызмет атқарған, тәжірибесі мол ғалым», – деді Сейсмология институтының баспасөз қызметі.