Джордж Вашингтон университетімен (The George Washington University, АҚШ) ынтымақтастық аясындағы жаңа мүмкіндіктер
Сіздерді Джордж Вашингтон университеті ұйымдастыратын халықаралық стартап-байқауға қатысуға шақырамыз. Бұл – әлемнің жетекші университеттерінен келген командаларды біріктіретін, инновациялық жобаларды қолдауға бағытталған жыл сайынғы бағдарлама. Байқау қатысушылары өз идеяларымен таныстырып, сарапшы менторлардан қолдау алады, сондай-ақ АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының бірінде өтетін финалға қатысып, 10 000 АҚШ долларына дейінгі жүлде қоры үшін бақтарын сынайды.
Бұл байқауға таңдаулы халықаралық университеттердің студенттік және оқытушылық командалары арнайы шақырту негізінде қатысады. Ал Сәтбаев университеті байқауға Джордж Вашингтон университетінің Ғаламдық азық-түлік институтымен (GW Global Food Institute) бірлесіп, стратегиялық серіктес ретінде қатысады.
Үш ай ішінде қатысушылар мынадай мүмкіндіктерге ие болады:
- GW Mentors-in-Residence компаниясы мен сарапшылар тарапынан менторлық қолдау;
- онлайн оқыту және халықаралық ресурстарға қолжетімділік;
- АҚШ-та кәсіби және академиялық байланыстар орнату мүмкіндігі.
Жүлде қоры:
- 1-орын — 10 000 АҚШ доллары
- 2-орын — 7 500 АҚШ доллары
- 3-орын — 5 000 АҚШ доллары
Әсіресе мына салалар бойынша жасалатын жобаларға бағытталған Food Innovation трегі ерекше қызығушылық тудырады:
- азық-түлік қауіпсіздігі және тұрақты даму;
- агротехнологиялар мен тағам инженериясы;
- тағам өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу;
- логистика және жеткізу тізбектері;
- тамақтану саласындағы инновациялық өнімдер, технологиялар мен бизнес-модельдер.
Байқау 3 кезеңнен тұрады: өтінімдерді қабылдау және бағалау, Zoom платформасы арқылы онлайн-питчинг, сондай-ақ 2026 жылдың сәуір айында Джордж Вашингтон университетінің кампусында жобалармен таныстыру.
Сәтбаев университеті тарапынан іріктеліп алынған өтінімдер Халықаралық ынтымақтастық кеңсесінің сүйемелдеуімен байқаудың Ұйымдастыру комитетіне жолданады. Халықаралық командалар ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қарай емес, идеялардың сапасына қарай бағаланатыны аса маңызды екенін еске саламыз.
Өтінім қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 1 ақпанға дейін.
Байқау туралы толығырақ ақпарат
Барлық сұрақтар бойынша Халықаралық ынтымақтастық кеңсесіне (302-каб., НК) хабарласуға болады.



