Есік өзеніне саяхат
Әдеттегідей, бірінші курс студенттері Сәтбаев университетінде қалыптасқан тамаша дәстүрлермен таныс болуда. Солардың бірі – жыл сайын жаңа оқу жылының басында бірінші курстар үшін Есік өзеніне ұйымдастырылатын саяхат. Биыл да Базалық білім беру институты жылдағы дәстүр бойынша осы саяхатты жоғары деңгейде ұйымдастырды. Бірінші курс студенттері үшін бұл – студенттер қатарына қабылдау рәсімімен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарға бір-бірімен жақынырақ танысуға, студенттік өмірдің қыр-сырын үйреніп, өздерін Сәтбаев университетінің бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік беретін жиын.
Биылғы саяхат алтын күздің шуақты күндерінің бірі 22 қыркүйек күні ұйымдастырылды. Әсем Алатаудың биік қойнауынан орын алған Есік көлінің киелі, тамаша табиғаты серуендік сағат өткізу үшін әдейі таңдап алынды. Жергілікті тұрғындар Есік өзенін Жасыл көл деп атайды. Шынымен де, көл суының түсі ауа райына және күн сәулесінің түсуіне қарай көгілдір тартып, өзгеріп отырады. Жаздың аптап ыстығында оның суы сұп-суық болып тұрады да, қыста ешқашан қатпайды. Оның әсем табиғатын тамашалауға жергілікті тұрғындармен қатар, шетелдік саяхатшылар да жиі келеді. Бұл жолы да 550-ге тарта студенттер мен 30 шақты оқытушылар Алматыдан 80 шақырым жерде асқаралы Алатауда орналасқан Есік өзенін тамашалауға жол тартты.
Студенттік өмірдің алғашқы кезеңінде үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жастар көптеген қиыншылықтар мен түсінбеушіліктерге, кедергілерге тап болатыны белгілі. Тимбилдинг, міне, осы кедергілерді жойып, қиыншылықтардың алдын алуға арналған. Әсем табиғат аясында студенттер мен оқытушылар бір-бірімен етене танысып-білісуге мүмкіндік алады. Ең бастысы – мұндай іс-шаралар әркімнің күш-жігерін тасытып, сенімге сенім қосады. Өйткені олар үшін қызығы мен шыжығы мол студенттік өмір әлі алда!
Саяхаттың бағдарламасы өте маңызды, әрі мазмұнды болды: тамылжыған табиғат аясында командалық жарыстар ұйымдастырып, флэшмоб өткізуге, ойын ойнап, би билеуге күздің осындай тамаша күні өз шуағын аяған жоқ. Әсіресе асық, лянга, қанатқа тартылу ойындары өте қызықты өтті. Тіпті қыздар үшін де ерекше жарыстар өтті. Ал жеңімпаздарға берілген естелік сый-сыяпат пен сертификаттар қуанышқа қуаныш қосып, ортаны одан сайын әсерлендіре түсті.
Далада қазанға піскен өзбек палауы да таза ауада бойға сіңімді болып, жастарға жаңа күш-қуат сыйлады. Кейбіреулері тіпті тауға көтеріліп, күштерін сынаса, кейбіреулері сазды әуенге еліктеп, мың бұралып билеуге кірісті. Ал осы іс-шараға демеушілік жасап, қолдау көрсеткен – «Пиала» шай компаниясы өзінің өнімдерімен жастарға нәр беріп отырды.
Сөйтіп, саяхаттың ең басты мақсаты орындалды десе болады: студенттер бір-бірімен пікір алмасып, оқытушылармен етене танысып, үлкен өмірге, саналы білімге, асқақ арманға аяқ басты. Осындай қызықты да әсерлі жағдайда басталатын таныстық қарым-қатынас адамның жадында өмір бойы сақталатыны белгілі. Ендеше жаңа оқу жылында барлығына сәттілік тілейміз! Сәтбаев университетіне қош келдіңіздер!