«Fluor» компаниясының стипендиаттары анықталды
Сәтбаев университеті Химия-биологиялық технологиялар институтының «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығының 4-курс студенттері Оңдашева Айгерім, Кеңесова Дана және Төлебаева Айгүл 2018 жылы конкурстық іріктеуден өтіп, Fluor стипендиясының иегерлері атанды.
Студенттерге стипендия сертификаттарын «Fluor Kazakhstan Inc» компаниясының өкілдері директор Девид Ф.Хант (David F.Hunter) және адам ресурстарын басқару жөніндегі бөлімнің қызметкері Лаура Гаммаева табыс етті.
«Fluor» компаниясы – мұнай өңдейтін, химиялық және мұнай-химия өнеркәсібі саласында жобалау, құрылыс, техникалық қамтамасыздандыру бойынша қызметтер ұсынатын әлемдегі ең ірі инжинирингтік компанияның бірі болып табылады. Қазақстанда Теңіз мұнай-газ кен орнында «Теңізшевройл» компаниясы үшін «Екінші буынды жобасын/Шикі газды айдау» (SGP\SGI) жобалағаны және жеткізгені арқылы белгілі.
Сонымен қатар компания өз қызметін жүзеге асыратын елдердің әлеуметтік бағдарламаларына қаржы ресурстарын инвестициялаумен де жақсы таныс. Fluor үшін ең маңыздысы білім беру жобалары болып табылады.
Білім беруге бизнестің қатысуының көрнекі мысалы – Сәтбаев университетінің әлемге әйгілі «Fluor» компаниясымен көп жылдық ынтымақтастығы болып табылады. Сәтбаев университетімен бірлесе жұмыс жүргізу барысында «Fluor» компаниясы объектілі-бағдарлы ChemCad бағдарламасын пайдалана отырып, автоматтандырылған модельдеу кешенінің жобасын әзірлеп, іске қосты. Осы жобаны дайындап, іске асыруға Ұлыбританиядағы «Fluor» компаниясы инженерлік департаментінің директоры Ник Амот (Nick Amott) тікелей қатысып, басты рөл атқарды. 2012 жылдан бастап ҚазҰТЗУ мен «Fluor» компаниясы арасындағы ынтымақтастық қатынас жаңа форматқа көшті, оның аясында жазғы мектептер, өндірістік және диплом алдындағы тәжірибелер өткізілді, компанияның жетекші инженерлері университеттің студенттері мен профессорлық-оқытушылар қауымына дәріс оқуға шақырылды.
Сонымен қатар компания көптеген жылдар бойы университеттің талантты студенттеріне демеушілік көрсетіп, жыл сайын химиялық және технологиялық мамандықтар бойынша студенттерге арналған атаулы стипендияларын бөліп келеді.