Германияның бизнес өкілдері Германияда тағылымдамадан өту және жұмыс істеу үшін жас мамандарды іздеу мақсатында Сәтбаев Университетіне келді
Сәтбаев Университетінің 90 жылдық мерейтойына орай университетке Германиядағы жетекші неміс компанияларының делегациясы келді, олар Германияда тағылымдамадан өту және кейіннен жұмысқа орналасуға ниеттері бар жас мамандарды іздестіруде. Делегация құрамында Siemens, Magdeburg, Allianz Henze&Claassen, IB Mitte, Hans Kupfer және Sitex секілді белгілі компаниялардың өкілдері бар, олар инженерлік және ақпараттық технологиялар саласы бойынша кадрларды белсенді түрде іздестіріп жүр.
Делегация Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаевпен, Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректор Ержан Көлдеевпен және Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесовпен кездесті. Неміс компанияларына білікті мамандар іздестірумен айналысатын Janser Consult компаниялар тобының негізін қалаушы Сергей Серебрянский өз сөзінде делегацияның міндеті – Қазақстан мен Германия арасында қарым-қатынас орнатып, жол салу екенін атап өтті.
Сондай-ақ Сергей Серебрянский Германияда мамандардың жетіспейтіні, бұл жас инженерлерге үлкен мүмкіндік беретіні туралы айта келіп, неміс тілін білмеу – ол елде жұмыс істеуге ең үлкен кедергі болатынын да атап өтті. Ал неміс тілін жақсы меңгеріп шыққан түлек тағылымдамадан өтіп, неміс компанияларында еңбек етіп, мол тәжірибе жинай алады, кейін Қазақстанға оралып, жинақтаған тәжірибесін туған жерде қолдана алады.
Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өз кезегінде Германия мен Қазақстан арасында ежелден сақталып қалған байланыстар жайлы атап өтті. Делегация құрамындағы көптеген қатысушылар Қазақстанда дүниеге келген екен, қазір олар екі елдің игілігі үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыта отырып, өзара байланысты жалғастыруда. Ал Сәтбаев Университеті осы процестің белсенді қатысушысы болып табылады.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін университет командасы мен шетелдік бизнес өкілдері алдағы қадамдар мен тағылымдамадан өту және жұмысқа орналастыру бағдарламаларын талқылауға көшті, бұл қазақстандық студенттерге халықаралық құнды тәжірибе алуға мүмкіндік береді.