Ғылым мен бірліктің рухымен шабыттанған: Республика күні қарсаңында Сәтбаев университетінде мерекелік концерт өтті
Сәтбаев университетінде Республика күніне арналған салтанатты концерт ұйымдастырылды. Университет ұжымы Тәуелсіздік декларациясына қол қойылғанына 35 жыл толған атаулы күнді атап өтті және отандық ғылым мен білімнің дамуына өз өмірлерін арнап, зор үлес қосқан ұстаздар мен ғалымдарға алғыс білдірді.
Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің қалыптасуына университет түлектері мен ғалымдары да өз үлестерін қосқанын ерекше атап өтті. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың идеяларын жалғастыра отырып, университет бүгінде қолданбалы зерттеулерді белсенді түрде дамытып келеді және халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, елдің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетуде.
«Қазіргі таңда Сәтбаев университеті – ғылымның, шығармашылық пен инженерлік рухтың ордасы болып табылады. Мұнда ел алдындағы жауапкершілігін молынан сезінетін тұлғалар қалыптасуда. Біздің студенттер терең ойлауды, жасампаздықты, дұрыс шешім қабылдауды және еліміздің игілігі үшін адал еңбек етуді үйренуде. Міне, осының бәрі – Тәуелсіз Қазақстанның күш-қуатына кепіл болады», – деді ректор.
Мерекелік жиын барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне білім мен ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін марапаттар табыс етілді. Салтанатты мерекелік атмосфераны әсем ән мен тамаша би толықтырды: бұл білім мен еңбек және бірлік – Тәуелсіз Республикамыздың талмас қанаттары екенін тағы бір рет барша қатысушылардың есіне салды.











