Ғылым мен рухтың биік шыңы: Сәтбаев университетінің профессоры Эверестте университет туын желбіретті
Эверестті бағындыру – адам мүмкіндігі шексіздігінің символы. Дәл Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Сәтбаев университеті біздің ғалымдар тек дәрісханалар мен зертханаларда ғана емес, әлемнің ең биік әрі ең қиын шыңдарын бағындыруда да мықты екенін дәлелдейтін тамаша жеңіске жетті.
«Сәулет» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнар Мәуленова халықаралық топ құрамында Эверест шыңына жорыққа шығып, 5364 метр биіктікке — Эвересттің базалық лагеріне (Everest Base Camp) көтерілді. Бұл жорық нағыз төзімділік сынағы болды: 3000 метрлік биіктікке жаяу көтеріліп, 70 шақырымға созылған 8 күндік қиын да күрделі жолды бағындырды.
Сәтбаев университетінің туы – биік шың басында
Жорықтың ең тебіреністі сәті — осынау биіктікке университетіміздің туын тігу болды. Гүлнар Жұпарбекқызы өзі бағындырған шыңда Сәтбаев университетінің туын желбіретіп, біздің қасиетті қара шаңырақтың рухын асқақтатты. Бұл қадам Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғалымдары ғылымда да, өмірде де тек биік белестерді көздейтінін көрсетеді.
«Жеңістің түрлері көп. Біздің ғалымдар барлық жерде алда келеді, тіпті Эверестті де бағындыруда. Бұл жеңіс жігерлі жандар үшін өмірде ешқандай кедергі жоқ екенін дәлелдейді», – деп атап өтті университет өкілдері.
Зияткер ұлт: білім мен құндылықтар
Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ғалымдарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зияткер ұлт қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды. Абайдың сөздерін дәйекке келтіре отырып, Президент бұл процесс тек терең білімді ғана емес, сонымен қатар жауапкершілікті, әділдік пен өзара құрмет сияқты құндылықтарды бірінші орынға қоюды талап ететінін атап өтті. Зияткер және білімді жастарды қалыптастыру – мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі екенін Мемлекет басшысы тағы да еске салды.
Шабыттандыратын үлгі
Гүлнар Мәуленова сияқты рухы мықты, зерделі ғалымдар – Сәтбаев университетінің студенттері үшін ең үлкен мотивация. Олар жастарды тек биік шыңдарға ұмтылуға, қайратты болуға және мақсатқа жетуде табандылық танытуға шабыттандырады. Эверестті бағындырып, оған университет туын тігу – Сәтбаев университеті кез келген қиындыққа төзімді көшбасшылар даярлайтын білім ордасы екенін айқын дәлелдейді.
Сонымен, баршаңызды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтаймыз! Сіздерге жаңа белестерді бағындыратын күш-жігер, жаңа білім мен жаңалықтар ашуда толағай табыс тілейміз!



