Ғылыми мектептен цифрлық геологияға
Жер туралы ғылым саласындағы Қазақстанның жетекші ғылыми орталығы Қ. И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Айтулы дата аясында Институтта инновациялық орталық іске қосылып, отандық геонауканың дамуына серпін беретін жаңа институционалдық жобалар жұртшылық назарына ұсынылды.
Қ. И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты құрылған алғашқы күндерінен бастап жер қойнауын зерттеу мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытында ғылыми негізделген тәсілдерді қалыптастырған іргелі орталық ретінде танылды. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев негізін қалаған іргелі ғылымды қолданбалы міндеттермен, мемлекет пен қоғам мүддесімен ұштастыру дәстүрі бүгінгі күні де өз өзектілігін сақтап келеді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың геология саласының алдына ғылыми әлеуетті нығайтуға бағытталған ауқымды міндеттер қойып отырғанын атап өтті.
«Осы тұрғыда біз Қ. И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтын жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ететін жетекші ғылыми орталықтардың бірі ретінде қарастырамыз», — деді министр.
Ондаған жылдар бойы Институт Қазақстандағы геология ғылымы мен минералдық-шикізат базасының дамуын айқындайтын стратегиялық ғылыми орталық мәртебесін абыроймен сақтап келеді.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Институттың елдің ғылыми әлеуетін қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталды.
«Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының ұзақ жылдар бойы жинақталған ғылыми әлеуеті, бай тәжірибесі мен қоғам мүддесіне адалдығы XXI ғасырдың сын-қатерлеріне лайықты жауап беруге әрі отандық геология ғылымындағы көшбасшылық орнын сақтауға мүмкіндік береді деп сенемін», — деді ол.
Бүгінде Геологиялық ғылымдар институты геолог-ғалымдардың жаңа буынын даярлауға, қор материалдарын, ғылыми есептерді, монографиялар мен диссертациялық еңбектерді цифрландыруға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар геологиялық деректерді талдауға және жаңа кен орындарын болжауға арналған «Қаныш» атты жасанды интеллект негізіндегі нейрожелілік платформаны құруға берік негіз қалайды.
Институт директоры Аскар Сыздықов өз сөзінде:
«Біз мамандықтың тартымдылығын қайта жаңғыртып, кеңістікті де, уақытты да, ел алдындағы жауапкершілікті де қатар ойлай алатын Қазақстан геологтарының жаңа буынын қалыптастыруға тиіспіз», — деп атап өтті.
Ғылыми-инновациялық экожүйені қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде Институтта инновациялық орталық ашылды. Оның құрамына академиктер Шахмардан Есенов пен Айтмұхамед Абдуллин атындағы дәрісханалар, GeoLab Eurasia бірлескен кәсіпорнының кеңсесі, жаңғыртылған зертханалар, сондай-ақ геология саласындағы ғылыми-ағартушылық, инвестициялық және жоғары технологиялық шешімдер тоғысатын GeoSpark жұмыс кеңістігі енді. Мұнда GeoSciences, GeoEnergy, GeoResearch, GeoCritical, GeoEstimates & Policy, GeoAI және өзге де бағыттар бойынша клубтық бағдарламалар мен кәсіби тректер іске асырылатын болады.
Критикалық маңызы бар минералдарға деген жаһандық сұраныстың артуы геология ғылымының қазіргі заманғы міндеттеріне айрықша мән беріп отыр. Геология Қазақстанның технологиялық егемендігін қамтамасыз етудегі шешуші факторлардың біріне қайта айналуда. Осы жағдайда жер қойнауын пайдалану саласы ұтымдылық, орнықтылық, ғылыми негізділік, экологиялық жауапкершілік және технологиялық даму қағидаттарына сүйене отырып қалыптасуда.
Қ. И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты бұл міндеттерді ғылыми мектептің сабақтастығын сақтай отырып, цифрландыруды, халықаралық ынтымақтастықты және жаңа кадрларды даярлауды басты басымдық ретінде жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.



