Идеядан технологияға: Қазақстан экономикасының келешегін жобалау
Қазақстандық ғалымдар, бизнес өкілдері, инженерлер мен сала мамандары Сәтбаев университетінде бас қосып, экономиканың негізгі салаларын технологиялық тұрғыдан қалай дамытуға болатыны жөнінде талқылады. «Satbayev International Conference 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында мұнда энергетика, машина жасау, геология, металлургия және жасанды интеллект тақырыптарына арналған ғылыми-технологиялық форсайт сессиялары мен хакатондар өтті. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік бағытпен сабақтас өрбіп келеді. Президент 2026 жылды – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын.
Форсайт сессиялары жай пікір алмасатын алаң емес, мұнда мамандар алдағы бірнеше жылдағы даму бағыттарын есептеп, нарықтың болашақ сұранысын айқындап, жаңа технология жасауға қажетті нақты қадамдарды белгілейді. Геология және мұнай-газ саласындағы, машина жасау, энергетика, металлургия мен тау-кен ісі бағытындағы жетекші ғалымдар, бизнес өкілдері мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары өз көзқарастарын ұсынды. Талқылауға әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен халықаралық сыйлықтардың лауреаттары да қатысты.
Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бұл жөнінде:
«Болашақты дәл болжау мүмкін емес деп жатады. Бірақ инженерлер бұнымен келісе қоймас: егер нақты болжау қиын болса, кем дегенде оны жобалауға болады. Біздің міндет – студенттерді енді ғана қалыптасып келе жатқан мамандықтар мен технологияларға бейімдеп даярлау. Сондықтан біз білім беру мен зерттеу саясатымызды кадр даярлауда озық қадам жасау қағидатына негіздейміз», – деді.
Конференцияның басты оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп ұйымдастырған DIGITAL AI FORESIGHT сессиясы болды. Бұл алаңда Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға қажет технологиялық бағдарлар мен нақты іс-шаралар сөз болды.
Форсайт сессиялары мен хакатондар бүгінгі міндеттерге жауап беріп қана қоймай, алдағы 10–15 жылды да алдын ала көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл экономиканың сұранысын ертерек аңғаруға, ғылым мен өндірістің байланысын дәлірек үйлестіруге және Қазақстан мен Орталық Азияға қажет болатын шешімдерді дер кезінде әзірлеуге жол ашады. Идеяның технологияға, ал технологияның экономика мен қоғамға нақты пайда әкелетін өзгеріске айналуы – дәл осындай ортада жүзеге асады.



