Инновациялар игілік үшін: Алматыда «TOM: Almaty» мейкатонының бірінші кезеңі өтті

Сәтбаев университетінде «TOM: Almaty» мейкатонының бірінші кезеңі өтті, оған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлемді қолжетімді әрі ыңғайлы еткісі келетін адамдардың барлығы жиналды. Алматы мен Шымкенттің мектеп оқушылары, студенттері, оқытушылары мен кәсіби мамандары бірігіп, әлеуметтік мәселелердің нақты шешімін бірлесіп іздеуге кірісті.
«TOM: Almaty» мейкатоны – бұл жай ғана идеялар жарысы емес. Бұл – 72 сағатқа созылатын ғылыми шығармашылық марафоны, мұнда қатысушылар ерекше күтімді қажет ететін нақты жандардың мәселелерін дәл осы жерде шешіп, көмек береді. Алдымен қатысушылар көмектесуі тиіс адамдармен әңгімелесіп, олардың қиын мәселелерімен танысады. Содан кейін олар осы мәселе төңірегіндегі өз жобаларымен жұмыс істей бастайды. Командалар биылғы жылы шешкен мәселелердің қатарында – үш жасар балаға арналған сауықтыру велотренажері, церебральды сал ауруына шалдыққан жасөспірімге арнап жасалған көп функционалды вертикализатор, бес жасар балаға арнап жасалған арнайы жүргінші құрал және басқа да пайдалы жобалар болды.
Мейкатон достық қарым-қатынаста өтті. Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен Әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығының вице-президенті Сания Арапова қатысушылар алдында сөз сөйлеп, мұндай жобалар нақты адамдардың өмірін өзгертіп қана қоймай, оларға деген қамқорлық мәдениетін, өзара көмек пен технологиялық шығармашылықты қалыптастыруға көмектесетінін атап өтті.
Құттықтау сөздерден кейін қатысушылар мейкатон туралы фильмді тамашалады, содан кейін топтық жұмыс басталды. Бір күн бойы жеті команда өз идеяларын талқылап, алғашқы шешімдерін ұсынды және өз жобаларының шағын презентацияларын дайындады. Шығармашылық күннің қызықты сәті – осы идеялардың тұсаукесері болды, әр команда өздерінің өнертабыстары қандай болатынын және ол белгілі бір адамның өмірін қалай өзгерте алатынын айтты. Командалар алдында – осы идеялардың жобасын іске қосып, өнеркәсіптік үлгіге айналдыру тапсырмасы тұр.
«TOM: Almaty» мейкатоны көрсеткендей: өнертабыстар мейірімділік пен көмекке қол созудан басталады. Ал қамқоршы адамдар бар ынтасымен істі қолға алғанда, шешімі қиын тапсырмалардың өзі тез шешіледі.