Институт директоры «Наурыз кездесулеріне» қатысты
Назарбаев зияткерлік мектебінің шақыруымен Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев үстіміздегі жылдың 20 наурызы күні Астана қаласында өткен VIII «Наурыз кездесулеріне» қатысты.
«Наурыз кездесулері» – Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының жоғары оқу орындарының, ғылым мен техника саласының өкілдерімен жыл сайын өткізілетін кездесуі. Оның мақсаты – білім беруді тереңдете түсу, зерттеу тәжірибелерін молайту, сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларын ғылыми зерттеулерге баулып, кәсіби бағыт беру.
Биылғы «Наурыз кездесулері» Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып, осы іс-шара «Астана – болашақтың қаласы: астананың архитектурасы» атты тақырыпта өтті. Мұндай кездесулер оқушылар үшін тамаша ғылыми алаңға айналды. Кездесуге еліміздің 16 аймағындағы таңдаулы мектептерден және ауылдық мектептерден жиналған 200-ден астам оқушы қатысты. Оқушылар қазіргі жастардың көзқарасымен жасалған Астана қаласының келешегі жөніндегі архитектуралық жобалардың көрмесін ұйымдастырып, оған 90-нан астам жобалық жұмыстар ұсынды. Олардың арасында Астана-2050 футурмоделі, ақылды және қауіпсіз қала жобасы, «ЭКСПО-2017» көрмесінің «жасыл энергетика» тақырыбына арналған жобалар бар.
Болат Құспанғалиев оқушыларға арнап семинар өткізіп, сәулет өнерінің қыр-сыры жайлы тамашалап айтып беріп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті және Қазақстанның жаңа астанасының бой көтеруіне қосқан еңбектері жайлы да сөз етіп, көркем ғимараттар туралы әңгімеледі. Ал қатысушылар Болат Урайхановичтің сәулет өнері туралы, жалпы Қазақстан мен Астана қаласының архитектуралық дамуының келешегі туралы, Политех қабырғасында сәулет мектебінің негізі қаланып, оның қалай дамығаны жөніндегі қызықты әңгімелерін ұйып тыңдады. Оқушылар өздерін толғандыратын көптеген сұрақтарын ғалым ағаларына қойып, тиісті жауаптарын алды.